Биыл 12 желтоқсаннан бастап ауа-райының күрт нашарлауына байланысты Шымкент - Тараз - Отар бағыты бойынша «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің учаскелерінде көлік құралдарының барлық түрі үшін қозғалыс шектелді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Машат-Шақпақ баба учаскесінде (65 км) қазіргі уақытта ауа райы жағдайы қалыпқа келді. Тәулік бойы машина жүретін жол бөлігін тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, оған 33 бірлік қар тазалау техникасы жұмылдырылды. Сонымен қатар жол қызметтері учаске жабылғанға дейін жолға шыққан автомобильдерге көмек көрсету бойынша жұмыс жүргізуде.
Мерке - Қайнар - Қордай – Отар (140 км) учаскесінде соңғы тәулікте қолайсыз ауа райы жағдайлары жалғасуда (желдің екпіні 40 м/с-қа жетті). 15 желтоқсан, таңғы сағат 4.00 шамасында ауа-райы қалыпқа келіп, барлық күш жолды тазартуға жұмсалды. Қазір жол бойында 47 қар тазалағыш техника жұмыс істеп жатыр.
Сағат 15:30-дағы жағдай бойынша. 2023 жылғы 15 желтоқсанда жоғарыда аталған жабық учаскелердің барлығында бір жолақ бойынша қозғалыс бөлігі қардан тазарту жұмыстарымен қамтамасыз етілді, патрульдік полицияның сүйемелдеуімен кептелісте жиналған автомобильдер өте бастады. Алайда, қардан тазарту жұмыстары аяқталғанға дейін учаскелер жабық күйінде қалады.
Екі учаскеге 80 бірлік жол техникасы және 230 қызметкер жұмылдырылды. Қазіргі уақытта жол қызметтері жабық учаскелерде қозғалыс аумағын кеңейтумен айналысады. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ техникасынан басқа жақын маңдағы құрылыс және жолдарды реконструкциялау объектілерінен мердігер компаниялардың күштері жұмылдырылды.
Қазір «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ төрағасының орынбасары және «Қажсервис» ЖШС бірінші басшысы аталған учаскеде.