Алдағы құрылыс маусымында жолшылар реконструкциялау учаскелерінің бірқатарында қозғалысты ашуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында Алматы облысындағы республикалық маңызы бар «Ұзынағаш – Отар» тас жолының 63-101 км учаскесі бар. Аталған тас жол «Алматы – Бішкек» халықаралық көлік дәлізінің бөлігі болып табылады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Ұзындығы 96 шақырым болатын бүткіл жол жобасы Жамбыл және Алматы облыстарында орналасқан 3 учаскеге бөлінген.
63-101 км учаскесінде мердігер ұйым «Казахдорстрой» ЖШС негізгі құрылыс жұмыстарын жүргізген. Шаралар толықтай биыл тәмәмдалады деп көзделіп отыр. Ал 101-143 шақырымдағы реконструкциялау учаскесіндегі жаңа мердігерді анықтау үшін тендер өткізіледі деп күтілуде. Үшінші учаскені жаңарту былтыр аяқталған болатын. 143-159 шақырымдағы жол учаскесінде қозғалыс толықтай ашылды. Осылайша, 2021 жылдың аяғына дейін пайдаланушылар тас жолдың жаңартылған 58 шақырымымен жүре алады.
Жоба толығымен аяқталған соң, «Ұзынағаш – Отар» автожолы 4 жолақты, 1 категорияға сәйкес келетін болады. Бұл жолдағы уақытты едәуір қысқартып, екі ел арасындағы көлік ағынының кеңеюіне ықпал етеді.