Жиынға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Арапкүл Өскенбайқызы, «Шымкент қаласының және Түркістан облысының жеке меншік клиникалар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Маймақов Әнуарбек, «Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, профессор Нұрмашев Бекайдар, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты қалалық емханалардың бас дәрігерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыста міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің жеткен жетістіктерін баяндаған медицина саласының сарапшылары осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру бойынша ұсыныстарын да ортаға салды. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарованың мәлімдеуінше, сұранысқа ие консультативтік-диагностикалық қызметтер мен қымбат тұратын КТ/МРТ -нің тұрғындарға қолжетімділігі 2021-2022 жылдармен салыстырғанда 1-5 күнде жасалып, 10 күннен артық күттіру 9% дан 2 % -ға төмендеді. Амбулаториялық тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 2,6 есеге өскен.
«Мен дербес сарапшы ретінде денсаулық саласының тарихын жақсы білемін. Бұл сала көптеген өзгерістерден, реформалардан өтті. Ондағы мақсат біреу: медициналық қызметке тұрғындардың қолжетімділігін арттырып, халық денсаулығын жақсарту. Медициналық көмек көрсетудің басым бағыттарының тарифтері, оның ішінде медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы өсті. Атап айтсақ, 2023 жылы дәрігерлер еңбекақысы 455 410 теңгеге дейін көтерілді. Орта буын медициналық қызметкері ағымдағы жылы орташа есеппен 245 063 теңге алып отыр»,- деп атап өтті Әнуарбек Маймақов.
Бүгінде жұмыс берушілер қызметкерлердің, дара кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын азаматтардың медициналық сақтандыру қорына төлеген жарналары халық денсаулығына жұмасалауда.Нәтижесінде медициналық қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, бұған дейін тұрғындардың ала алмай жүрген қызметтерге қолы жетті. Жылдан жылға медицинаға бөлінген қаржы көлемі көбейіп, медициналық ұйымдар арасында бәсекелестік дамып келеді.