Қызылорда облысында конго-қырым геморрагиялық безгегінен көз жұмған 4 адам тіркелді. Олар маусым, шілде айларында ауруханаға түскен, деп хабарлайды Хабар 24.
Телеарнаның мәліметінше, қайтыс болғандардың екеуі Жалағаш ауданының тұрғыны болса, екеуі Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданының тұрғындары. Індеттен көз жұмғандардың бірі - 17 жастағы жасөспірім.
Ол егін даласынан үйіне оралғаннан кейін өзін жайсыз сезіне бастаған. Бірақ дәрігерге қаралмай үйінде бірнеше күн ем алған. Ауруханаға жеткізілгеннен кейін 6 сағаттан соң қайтыс болған.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, кене шағу жағдайы және конго-қырым геморрагиялық қызбасына тән клиникалық белгілер бола тұра, үй жағдайында емделудің салдары өлім-жітімге әкелуде. Жалпы жыл басынан бері Қызылорда облысы бойынша конго-қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырды деген күдікпен 31 адам тіркелген.
Эпидемиологиялық, клиникалық және зертханалық тексеруден кейін оның 14-нен дерт анықталған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетовтің сөзінше, қазіргі таңда ауруханада дерттен бір науқас ем алып жатыр. Мамандардың айтуынша, биыл кене шағу фактілері былтырғы жылмен салыстырғанда үш есеге артқан. Сонымен қатар кенелердің арасында ауру қоздырғыштың анықталуы да өткен жылдан жоғары болып отыр дейді олар. Мысалы, былтыр облыс бойынша 113 елді мекен қолайсыз аймақ қатарына қосылса, биыл олардың саны 116-ға артқан.
20-07-2022, 16:33
Қызылорда облысында конго-қырым безгегінен төрт адам қайтыс болды
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз