Алтайда нәресте жатқан бесік арбамен қыдырып жүрген мас ер адам ұсталды. Оны жергілікті патрульдік полиция қызметкерлері анықтаған, деп хабарлайды ІІМ ресми сайты Polisia.kz.-ке сілтеме жасаған Kazlenta.kz
Белгілі болғандай, мас күйдегі ер адам 9 шілде күні Алтай қаласының көшелерінің бірінде нәресте ұйықтап жатқан бесік арбамен қыдырып жүрген. Оны Алтай қаласын патрульдеп жүрген полиция инспекторы Рүстем Оралғазинов пен Нұржан Жұмағұлов байқаған. Тоқтағаннан кейін тәртіп сақшылары ер адаммен сөйлесуге тырысты.
Алайда ол полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, балағат сөздер айтқан. Тәртіп сақшылары ер адамның бесік арбада жатқан баланың әкесі екенін анықтаған. Азамат қонақта болған кезде әйелімен жанжалдасып, нәтижесінде баланы алып үйіне кеткені белгілі болды. Инспекторлар 15 минут ішінде сәбидің анасының аты мен орналасқан жерін анықтап, баланы аман-есен жеткізді.
Нарколог-дәрігердің қорытындысына сәйкес, ер адам орташа дәрежеде мас күйінде болған. Ол уақытша ұстау камерасына орналастырылды. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бұзу бойынша ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі (Қоғамдық орындарға мас күйінде келу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда өз баласының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген әкемен Алтай аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторлары жұмыс істеуде.
12-07-2022, 17:01
Алтайда мас адам сәбиі бар бесік арбамен қыдырған
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз