Алматы облысының 11 мектептің күрделі жөндеуіне мониторинг жүргізілді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жөндеуден өтіп жатқан мектептердің көбі 1970-1980 жылдардың басында салынған. Олардың қатарында Қонаев қаласының Қ.Қайсенов атындағы №4, Іле ауданы Екпенді ауылының №2 орта мектептері, Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласының А. Малкеев атындағы Білім-инновация лицейі, Шелек ауылының Абай атындағы, Есік қаласының Абылайхан атындағы №4 орта мектептері, Қаскелен қаласының Қ. Сәтбаев атындағы мектебі, Кеген ауданының Жаңабаев атындағы, Талғар ауданының К.Нұрпейісов атындағы, №10, № 12 орта мектептері бар.
«Орта білім беру комитеті мен министрліктің аумақтық бөлімшелері бірлесіп мектептердің жаңа оқу жылына дайындық деңгейіне мониторинг жүргізді. 11 білім беру объектісінде кешенді жөндеу және мектеп аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олардың басым бөлігінде жөндеу жұмыстары маусым айында басталған. Шартқа сәйкес аяқталу мерзімі 6 айдан 11 айға дейін созылуы мүмкін, яғни оқу жылының басында мектептер балаларды қабылдауға дайын болмайды. Біз білім басқармасымен бірлесіп оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру үшін білім алушылардың уақытша орналасу орындарын белгіледік. Өз кезегінде мердігер ұйымдар жөндеуді белгіленген мерзімнен бұрын аяқтауға дайын», - деп атап өтті Орта білім комитеті басқармасының басшысы Гүлнар Таласбаева.
Айта кетейік, бұдан бұрын 7 өңірде мектептерді жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқталмауы мүмкін екені хабарланған.