Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматы облысының Қарғалы ауылындағы қыз баланың видеосына пікір білдірді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қыз бала табылды. Видеодағы әйел көршісі болып шықты. Қыздың анасы көрші әйел баланы қараусыз қалған ғимараттың аумағына апарып, алақанымен бетінен ұрғанын айтты. Бұл туралы анасына айтып барсын деген. Анасының сөзінше, бұның себебі олардың ақшалай қарызы болуы мүмкін», - деп жазды ол Facebook парақшасында.
Айтуынша, қазір баланы ұрған әйел іздестіріліп жатыр.
«Көрші әйел ауылдан кетіп қалған, оны іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Баламен мектеп психологы жұмыс істейтін болады», - дейді Динара Зәкиева.
Еске сала кетейік, бұған дейін желіде кішкентай қызды жәбірлеп жатқан әйелдің видеосы тараған болатын.