2023 жылғы қаңтар-наурыз аралығында БЖЗҚ салымшыларының шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс 336,3 млрд теңге деңгейінде қалыптасты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерінен 40,5 млрд теңге немесе 14% артық. Қазақстан Ұлттық Банкінің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік соңғы 12 айда 6,63% болды.
Естеріңізге сала кетейік, инвестициялық кірісті қаржы құралдары бойынша сыйақы түріндегі кірістер (салымдар, "кері РЕПО" операциялары, купон немесе дисконт, акциялар бойынша дивидендтер), бағалы қағаздар, шетел валютасы, өзге де активтерді нарықтық қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т. б. құрайды.
2014 жылдан бастап (барлық зейнетақы активтерін БЖЗҚ-ға біріктіру аяқталғаннан кейін) инвестициялық кіріс 7,3 трлн теңгеге жетті. Ал 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған күннен бастап бүкіл кезең ішіндегі жинақталған инфляция 702,96% болғанда, жинақталған инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен 751,1% көрсетті.
Зейнетақы жинақтары ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде 1 (бір) жыл кезеңінде талдаған жөн екенін естеріңізге саламыз. Қысқа мерзімді деректер (апталық, айлық және т.б.) көрсеткіш бола алмайды, өйткені, олар нарықтық жағдайда жиі ұшырасатын ауытқуларға тәуелді.
Инвестицияларды басқару мен зейнетақы активтерін есепке алудың бүкіл жүйесі қолжетімді және ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық кірісінің өсу серпінін enpf.kz сайты немесе ұялы қосымшадағы Жеке кабинеттен көре алады. Зейнетақы активтерін қайта бағалау апта сайын және айдың соңғы күнінде жүргізіледі.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың (www.enpf.kz) ресми сайтындағы «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланады.