Алматыда “Синтетиканы” даярлап, сатқан азаматтар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлердің алдын ала мәліметі бойынша, бірге тұратын 20 жастағы А. есімді азамат пен 22 жастағы К. есімді азамат қылмыстық кәсіпкерлікпен айналысты деген күдікке ілінді.
Жастар алдын ала жалға алған үйде есірткі заттарын дайындайтын, өңдейтін және буып-түйетін қойма ұйымдастырған.
– Жедел іс-шараларды жүргізу барысында К. есімді азамат басқарған автокөлік тоқтатылды. Тінту нәтижесінде скотчпен оралған бума табылды және тәркіленді. Оның ішінде жалпы салмағы 1,5 келі болатын ақшыл түсті заты бар үш вакуумдық байлам болды. Күдікті қойма жұмысшысы екендігін, оның міндетіне есірткінің ірі партиясын Алматы облысының аумағына орналастыру арқылы қабылдау кіретінін айтты. Болжам бойынша, ер адам Алматыда есірткі қойып кетіп жүрген. Бұл жұмысы үшін К. есімді азамат апта сайын куратордан төлем алып отырған. Сонымен қатар күдікті жалға алынған тұрғын үйде синтетикалық есірткі заттарын өндіру цехын ұйымдастырған. Ол жерден арнайы құрылғылар мен шикізат тәркіленді, – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Медеу аудандық ПБ-ға қарасты полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігі бойынша жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық іс бойынша басқа да мәліметтер ҚР ҚПК-нің 201-бабы және ҚР Конституциясының нормаларына сәйкес жария етуге жатпайды.