«Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты «Рухани жаңғыру» орталығы Бағдарламаның жобалары басқармасының басшысы Думан Жампейісовпен сұхбат құрып, атқарылып жатқан жұмыстар, қоғамдық сананы жаңғырту әдістері және алдағы жоспарлары жайында білдік.
- Өзіңіз жайында толығырақ айтып берсеңіз?
- Мен Семей облысы Шар ауданында туып өстім. Мектеп бітіргеннен кейін, «Кеден ісі» мамандығы бойынша Р. Байсеитов атындағы Семей қаржы‑экономикалық колледжіне түстім. Бірінші курс студенттері арасынан жүргізілген іріктеу нәтижесі бойынша алты студенттің бірі болып оқу мен қоғамдық саладағы жетістіктер үшін Р. Байсеитов атындағы атаулы стипендияның иегері атандым. Колледжден кейін «Құқықтану» мамандығы бойынша Қазақ гуманитарлық заң университетінде оқыдым. Оқу барысында «Қазақстандық жас заңгерлер қауымдастығы» РҚБ СҚФ құрып, директор қызметін атқардым. Әр жылдары «Семей жас ғалымдар қауымдастығы» ҚБ төрағасы, «Семей қаласы әкімдігінің білім бөлімі» ММ заңгері, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы жобаларының менеджері, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің оқытушысы, доценті, проректоры болып қызмет еттім.
- Қоғамдық қызметпен қалай айналыса бастадыңыз?
- Ата-анамыз еңбекке баулып өсірді. Әкеміз «Әрбір күн аяқталар кезде, бүгін қандай игі іс істедім деп өз-өзіне есеп беруі керек» деп айтып отыратын. Сондықтан да шығар бүкіл еңбек жолым қоғамдық қызмет саласымен байланысты болды. «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институтында жұмыс істеуім де заңды құбылыс деп ойлаймын. 2000 жылдан бастап қоғамдық іс-шараларға атсалысып, кейін қоғамдық ұйымдарды басқарып ауылдық елді мекендерде құқықтық сауаттылықты және азаматтық белсенділікті арттырумен айналыстым. Сондай-ақ, БҰҰ халықаралық ұйымның шетелден оралған қандастарымыз бен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету жобаларын жүзеге асырдым. Ал 2014 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Қоғамдық қызмет» аталымы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атандым. Еңбегімнің бағаланғаны мен үшін маңызды, әрі осындай жетістіктер нәтижелі жұмыс істеп, қоғамның дамуына үлес қосуға ынталандырады.
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жобалар басқармасының басшысы ретінде негізгі міндеттеріңіз қандай?
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және оның жобаларын іске асыруға қатысатын құрылымдардың қызметін аналитикалық және ұйымдастырушылық деңгейде қамтамасыз етілгенін үйлестіремін.
- Қызметіңізде қандай қиындықтар туындайды?
- Қызметімде айтуға тұрарлық қиындықтар туындамайды. Жалпы, кез-келген қиындықты мүмкіндік ретінде қарастырамын. Олар мені шыңдап, жетілдіре түседі және әрі қарай дамуыма жағдай туғызады.
- Осы уақыт аралығында қандай жұмыстар атқарылды және қандай нәтижелерге қол жеткізілді?
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларын жүзеге асыру аясында әртүрлі іс-шаралар өткізіледі. Мысалы, бағдарламаны жүзеге асырудағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін «Азаматтық алаң» пікірталас клубы ашылды. Оған азаматтық қоғам өкілдері кеңінен тартылып, өзекті тақырыптар талқыланады.
Бағдарламаны іске асыру жөніндегі республикалық және өңірлік жоспарларға талдау жүргізіліп, жаңаша нұсқада жасалды. Бағдарламаны жүзеге асырудың негізгі 3 бағыты айқыналды: біріншісі – «тұлғалық даму», оған білімнің салтанат құруы, бәсекеге қабілеттілік, сананың ашықтығы, прагматизм қағидалары кіреді, екіншісі – «ұлттық бірегейлік және халықаралық мәртебені арттыру» және үшінші бағыт – «мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы» болып табылады.
Орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына, аумақтардың даму бағдарламаларына талдау жүргізіліп, бағдарламаның негізгі бағыттарына сәйкестендіруге ұсыныстар берілді.
Сондай-ақ, бағдарламаның үш жылдық қорытындылары бойынша талдамалық баяндама әзірленді.
- Бүгінде қандай жобаларға басымдық беріледі?
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық бағыттары мен жобалары қоғам үшін маңызды болып табылады. Бүгінде «Дәстүр мен ғұрып», «Еңбек – елдің мұраты», «Құқықтық мәдениет», «Үнем – қоғам қуаты» арнайы жобаларын жүзеге асыруға басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар балаларға арналған мамандандырылған кітаптарды шығару қолға алынды. Халықтың қаржылық және цифрлық сауаттылығына да ерекше көңіл бөлінуде.
- Қоғамдық сананы жаңғыртудың маңыздылығы қандай?
- Заман талабына сай болу үшін адам мен қоғам үнемі жетілдіру үдерісінде болу қажет. Бұл талапқа сай болмағандар бәсекеге төтеп бере алмай, жеңіліске ұшырап жатады. Сол себепті Бағдарламаның білімнің салтанат құруы, бәсекелік қабілет, прагматизм, сананың ашық болуы, ұлттық бірегейлікті сақтау және эволюциялық даму сияқты негізгі қағидалары өзекті болып табылады. Бұл туралы Елбасы «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деп баса айтқан еді.
- Сіздің ойыңызша, қоғамдық сананы жаңғыртудың тиімді әдістері қандай?
- Біріншіден, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған жобалар халықтың барлық санаттарын әртүрлі жас бойынша қамтуы қажет. Балалардан бастап қарттарға дейін жас ерекшеліктерін ескеретін арнайы жобалардың болғаны жөн. Бұл халықтың әрбір санатына жеке, әрі тиімді әдістер қалыптастыруға мүмкіндік береді – кішкентай бала мен ересек адамның санасын жаңғыртудың әдістері әртүрлі болуы керек.
Екіншіден, барлық адамдардың жиынтығы болып табылатын қоғамның бәсекеге қабілеттігі үш-төрт министрлік қана жауапты емес, барлық мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам субъектілері жауапты екендігін нақты айту керек. Тек бірлесе отыра, жоғары саналы азаматтар мекендейтін құқықтық мемлекет пен мықты азаматтық қоғам құруға болады.
- Қазіргі заманда қандай құндылықтарға көңіл бөлу маңызды деп санайсыз?
- «Атақ, бақ та қолға салған сақина тәрізді, қанша асыл болғанмен түбі тозады» демекші, жиырма бірінші ғасырда рухани құндылықтарға көбірек көңіл бөлу, жеке бас мәселесінен бастап, ұлт мүддесі мен жалпы адамзат тағдырын ойлау қажет. Әрбір адам қаншалықты «толыққанды адам» тұжырымдамасына сай екендігіне көңіл бөлуі керек.
Оған қоса қазіргі заманға тән дағдыларды: өзгерістерге дайын болу, адамдармен тіл табыса білу, үнемі өзін-өзі жетілдіру үдерісінде болу, шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамыту керек деп ойлаймын. Дени Дидро «Адамдар ойлауды кітап оқығанды қойғанда тоқтатады» демекші, кітап оқуға зейін қою керек. Елінің болашағын өз қолына аламын дейтін жас ұрпақты тәрбиелеп өсіруге көңіл бөлу маңызды.
- Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
- Алдағы уақытта халықтың әртүрлі санаттарына оқыту вебинарлары жүргізіледі. Барлық облыстарда қызмет етіп жатқан «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңселеріне әдістемелік қолдау көрсетіп, қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға үлес қосу жоспарлануда. Балалар мен жастарға арналған және еріктілікті дамытуға бағытталған тиімді жобалар да жүзеге асырылады.
«Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институтының төрағасы Данияр Нұрашұлы Есин қоғамға пайдасы зор жобаларды әзірлеу мен жүзеге асыруға көп көңіл бөледі. Атап айтсақ, Институт қызметкерлері Мемлекет басшысы көтерген бастама «Biz birgemiz» волонтерлік акциясына белсенді қатысуда – әріптестеріміз еріктілер ретінде аз қамтылған отбасыларға азық‑түлік жеткізеді. Институт өзінің ғылыми‑әдістемелік қызметін атқарып қана қоймай, қоғамның өміріне белсенді араласады.