Грекияның соңғы королі ІІ Константин 82 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Грекияның ERT мемлекеттік арнасы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасаған kazlenta.kz.
Король Павел мен Грекия королевасы Фредериканың жалғыз ұлы марқұм король 1964 жылы таққа отырған болатын. Ол тоғыз жыл ел басқарғанда елдің саяси тарихында үлкен өзгеріс болды, 1967 жылы 21 сәуірде әскери төңкеріс болып, бұл әскери хунтаның орнауына әкеп соқты.
Бірнеше ай өткен соң Константиннің хунтаға қарсы төңкерісі сәтсіздікке ұшырап, ол Грекиядан қашуға мәжбүр болады. Марқұм король қара полковниктер режимі 1973 жылы тарағанша Римде болды. Хунта құлағаннан кейін де 1974 жылы монархия қалпына келмеді: Константинос Караманлия бастаған ұлттық бірлік үкіметі шақырған референдумда гректер екінші рет монархиядан бас тартты.
Осылайша ІІ Константин Грекияның соңғы королі атанды. Кейінірек Афина оны азаматтығынан айырды. 2002 жылы Константин мен оның отбасы мүшелері Грекиядағы бұрынғы жеке меншігі, нақтырақ айтқанда Афинадан солтүстікке қарай Татой сарайы мен Корфу аралындағы виллаға өтемақы ретінде 13,7 млн еуро алды. Қазір вилла ғимараты музейге айналған.
Афина орталығында соңғы рет халық алдына шыққан король мүгедектерге арналған креслода отырды, жанында Испанияның бұрынғы королевасы София мен басқа туыстары болды. Созылмалы жүрек ауруы мен қозғалыс аз болғандықтан Константиннің жағдайы нашарлап, өмірінің кейінгі айларында бірнеше рет ауруханаға жатқан болатын.