Шымкент қаласының тұрғыны Луиза Атажанова 25 қыркүйек күні қалалық 2-ауруханада жүктіліктің 35-аптасында кесарь тілігімен босанған. Отадан кейін әйелдің жүрегі тоқтап қалған көрінеді.
"Мен қызымды 23 қыркүйек күні перзентханаға әкелдім. 25 қыркүйек күні ота жасалған. Дәрігерлердің бірі шығып қызымның жүрегі тоқтап, жансақтау бөлімінде комада жатыр деді. Өзі сөйлеп, өз аяғымен жүріп келген қызым содан бері бір оңалған жоқ. Біз қызымды мұндай жағдайға жеткізген дәрігерлердің салғырттығы деп білеміз. Анестезиолог қашып кеткен. Қалада жоқ", – дейді Луизаның анасы.
Аталған жайтқа байланысты Денсаулық сақтау басқармасы және Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілген."Тексеру нәтижесі бойынша емхана және перзентхана деңгейінде медициналық көмек Денсаулық сақтау министрлігінің хаттамаларына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде пациентке медициналық көмек көрсетілгені анықталды. Операциядан кейінгі кезеңде пациенттің бүкіл денесінде кенеттен аллергиялық реакция, гипотензияға әкелген анафилактикалық шок болып, жүрек қызметі тоқтаған. Жүрек-өкпе реанимациясы толық көлемде, уақытылы жүргізіліп, жүрек қызметі қалпына келтірілген. Денсаулық сақтау басқармасының жіті бақылауында", – делінген хабарламада.
Ведомство мамандарының хабарлауынша, Астана қаласының ұлттық координациялық жедел медицина орталығы мамандарының қатысуымен телемедицина арқылы бірнеше рет кеңес өткізілген. Емдеу тактикасы Республикалық орталықтарының мамандарымен және Шымкент қаласының білікті мамандарымен келісіп жүргізілген. Қазіргі кезде науқастың санасы терең қысымда (глубокое угнетение сознания), неврологиялық оңалту және мұқият күтім қажет екені айтылған. "Осыған байланысты Денсаулық сақтау басқармасының қатысуымен өткен дәрігерлік кеңестің шешімі бойынша әрі қарай оңалту үшін 2-қалалық ауруханаға қарасты неврология бөлімшесіне ауыстырылып, емдеу жүргізілуде", – деді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. 1300 грамм салмақпен жүктіліктің 35-аптасында дүниеге келген нәрестенің қазіргі дене салмағы 2780 грамм. Бала да, ана да Шымкент қалалық 2-ауруханада дәрігерлердің жіті бақылауында.