"Өкінішке қарай, соңғы тәулікте Атырау облысында екі ана қайтыс болды. Олардың екеуі де бактериялық инфекция жұқтырған. Қазіргі кезде арнайы комиссия құрылып аналардың өлімі жан-жақты тексеріліп жатыр"- деді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.
Спикердің айтуынша, жүкті әйелдердің бірі Атырау облыстық ауруханасына түскен кезде жағдайы асқынып, реанимация бөліміне жатқызылған. Жансақтау бөлімінде науқастың жүрегі тоқтап қалған.
"Екі ана да Мақат ауданының тұрғындары. Екіншісі - 34 жастағы әйел. Ол бас ауруы және дене қызуымен аудандық ауруханаға жатқызылған. Жансақтау бөлімінде жүрегі тоқтап қалып, дәрігерлер аман алып қалды. Облыстан екі бригада санавиациямен шұғыл түрде ауданға жетті. Кейін науқастың жүрегі тағы да екі рет тоқтап қалды. Соңғы ретте аман алып қалу мүмкін болмады",- деп жауап берді облыстың бас дәрігері Асхан Байдуәлиев.
Былтыр Атырау облысында 20 жүкті әйел қайтыс болған. Оның 16-сы коронавирус инфекциясын жұқтырған. Осы жылдың 9 айында 2 жағдай тіркелсе, соңғы қазан айынан бастап 3 ана өлімі орын алған. Мамандардың айтуынша, қазіргі кезде ЖРВИ (жедел респираторлық-вирустық инфекция) жүріп жатыр. Вирустық инфекциямен тәулік ішінде 15 жүкті әйел, 25 бала инфекциялық ауруханаға түскен.