Телеарнаның хабарлауынша, өңірдегі жеңіл көліктердің басым бөлігі көгілдір отынмен жүретіндіктен, бұл мәселе жергілікті халыққа оңай тиіп отырған жоқ. Сұйылтылған газ іздеген жүргізушілер отын табылған күннің өзінде кемінде 1 сағат кезекте тұруға мәжбүр. "Қанша күн болды, іздеп таппай жүрмін. Мен қалаға жақын маңдағы ауылдан келіп тұрмын. Еш жерде газ жоқ. Былтыр да осындай уақытта газ жоқ, сосын бағасын көтерді", – дейді тұрғын Қыдырбай Сағидуллаұлы.
"Бір айдай болып қалды, газ жоқ. Қалада кезекке тұрамыз. Үлгергенше аламыз", – дейді тағы бір тұрғын Досымбек Сазанов. Тағы бір тұрғын Асхан Рақышевтың айтуынша, көп бекетте газ жоқ, лимит бар.
"Бала шағамызды осы көлікпен асырап жүрміз. Мынандай кезекте күн суықта тұру да оғай емес", – дейді ол. Телеарна тілшілері бұл мәселе бойынша облыс әкімдігіне қарасты Энергетика басқармасына жүгінген. Мекеменің мәліметінше, өңірге сұйылтылған отын өз уақытынан жеткізілмеген көрінеді. "Облыс әкімдігімен Энергетика министрлігімен бірлесе облысқа желтоқсан айына 5 мың тонна сұйылтылған мұнай газ бөлінген. Аталған сұйылтылған мұнай газы облыстағы 34 жекеменшік газ сатумен айналысатын мекемелер арасына бөлінген.
Энергетика министрлігі тарапынан негізгі жеткізуші болып Ақтөбе облысында орналасқан "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" Ақ зауыты бекітілді. Аталған арақашықтықта бізге вагон цистерналар 10-14 күнде келеді", – дейді Жамбыл облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Мәулен Қожақов. Телеарна жауапты адамдар алдағы күндері газ тапшылығы мәселесі шешілетінін айтқанын атап өтті.