2022 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында елімізде жиһаз өндірісі құндық мәнде бір жыл бұрынғы 44,9 млрд теңгенің орнына 46,7 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды energyprom.kz-ке сілтеме жасаған kazlenta.kz
Өңірлер бойынша жиһаз өндірісі ең көп Алматыда: құны 13,4 млрд теңге, бір жылда 33,6% кеміген. Одан кейін Алматы облысы (3,5 млрд теңге, 34,9% көбейген) және Павлодар облысы (3,5 млрд теңге, 32,3% көбейген).
Нақты мәнде асхана мен қонақ бөлмеге арналған ағаш жиһаз өндірісі (56,9 мың дана, жылдық өсім 35,5%), сондай-ақ ас үй жиһазы (73 мың дана, 20% өсім) айтарлықтай өсті. Орындықтар жән металл қаңқасы бар басқа да отыратын жиһаздар өндірісі былтырмен салыстырғанда 10,6% өсіп, 869,1 мың дана болды. Кеңселік ағаш жиһазының өндірісі бір жылда 42,3% азайып, 173,3 мың дана болса және төсек пен гардеробтарды қоспағанда, жатын бөлмеге арналған ағаш жиһаздар 24,5% азайып, 30,2 мың дананы құрады.
Биыл қаңтар–тамыз айларында Қазақстан 237,7 млн АҚШ долларына 85,8 мың тонна үйге арналған жиһаз бұйымдарын импорттады. Физикалық түрде импорт 2,1%, ақшалай 6,2% өсті. Импорттың негізгі көлемін ТМД елдері қамтамасыз етті: 78,3%. Жыл басынан бері бұл елдерден Қазақстанға 67,2 мың тонна жиһаз әкелінді, бұл былтырғыдан 1,3% аз. Ресей ҚР үшін негізгі жеткізуші болды: 36,4 мың тонна, былтырғыдан 27,9% аз. Үздік үштікке Беларусь пен Украина да кірді.
ТМД елдерінен басқа елдерден Қазақстан 90 млн АҚШ долларына 18,6 мың тонна жиһаз әкелді. Мұнда негізгі жеткізушілер Қытай мен Түркия.
Биылғы қазан айының қорытындысы бойынша жиһаз және тұрмыстық заттар бағасы бір жылда 24,8% өскен. Өңірлер бойынша баға ең қатты өскен өңір Астана: 48,1%. Одан кейін Қызылорда және Түркістан облыстары: тиісінше 45,6% және 45,5%. Одан кейін Шығыс Қазақстан (38,7%) және Атырау (36,3%) облыстары. Баға ең аз өскен өңір Алматы қаласы: 8,5%.
Өткен жылы елімізде жиһаз өнімдерін тұтыну нарығы 221 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды ҚР ИИДМ. Сарапшылар халық санының өсуі, көші-қон, кірістердің артуы, инфрақұрылымның кеңеюі, сондай-ақ жаңа тұрғын үй жобалары мен коммерциялық үй-жайларды салу көлемінің ұлғаюы есебінен жиһаз өнімдерін әлемдік тұтынудың тұрақты өсуін болжайды.