ОСК отырысында Нұрлан Әбдіров 11 қарашада "Хабар" арнасында Қазақстан президенттігіне кандидаттардың теледебатын өткізу жоспарланып отырғанын мәлім етті. "Кандидаттар мен олардың штабтарының толық дайындалуға мүмкіндігі болуы үшін біз бұны ертерек яғни сайлауалды үгіт-насихат басталған сәтте айтып отырмыз", - дейді ол. Кейінірек ОСК мүшесі Анастасия Шегорцова теледебатқа кандидаттардың жеке өзі қатысуы міндетті ме деген сауалға жауап берді.
"ОСК төрағасы барлық штабқа қаулыны (теледебат жайлы-ред.) жіберуді, кандидаттарға хабарлауды тапсырды. Бұл шешімді кандидат пен олардың штабы өздері қабылдайды. Біз кез келген өкілдің қатысуына мүмкіндік береміз", - деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, бүгін, 21 қазанда Қазақстан президенттігіне кандидаттарды тіркеу аяқталып, үміткерлер сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ресми түрде алты адам тіркелді. Олар: Қасым-Жомарт Тоқаев, Мейрам Қажыкен, Жигули Дайрабаев, Қарақат Әбден, Салтанат Тұрсынбекова және Нұрлан Әуесбаев. Негізі іріктеуге жалпы 12 адам қатысты. Олардың үшеуі президенттікке кандидатқа қойылатын талаптарға сәйкес келмесе, тағы үшеуі кандидаттарды тіркеу кезеңінен өте алмады.