Полиция қаладағы жеке иеліктегі тұрғын үй ауласындағы дүкен ішінде әйел адамды қылғындырып өлтіріп кеткенін мәлім еткен. "Әйел адам 1963 жылы туған. Осы дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды", -деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі өкілі. Тәртіп сақшылары кісі өлімі бойынша күдікті әлі ұсталмағанын атап өткен. Басылым мәліметінше, қазір полиция қызметкерлері адам өлтірген күдіктіні анықтау, ұстау үшін жедел іздестіру іс-шарасын жүргізіп жатыр. Жедел іздестіруге полиция департаментінің жеке құрамы жұмылдырылған.
"Сотқа дейінгі тергеу амалдарын департаменттің жедел тергеу тобы жүргізуді қолға алды. Сот медициналық-сараптама тағайындалды. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды", - дейді басылымға ПД баспасөз қызметі.
Басылым күдіктінің үйден алтын, әшекей бұйымдарын, ақша мен өзге де заттарды ұрлап кеткені туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарағанын атап өткен. Еске сала кетелік, бұған дейін Астанада аяқ киім дүкенінде пышақ жарақатын алған әйел ажал құшқанын хабарлаған едік. Оның өліміне күдік ретінде 32 жастағы ер адам ұсталды. Сондай-ақ Екібастұз қаласындағы үйлердің бірінің кіреберісінен кілемге оралған әйелдің денесі табылған болатын. Павлодарлық полицейлер әйел өліміне қатысты күдікті ретінде жергілікті тұрғынды ұстады.