Жол-көлік оқиғасы сәрсенбі, 5 қазанда "Өскемен – Рахман қайнары" тас жолының 227 шақырымында, Ново-Хайрузовка ауылының (Катонқарағай ауданы) маңында болған.
"Жол-көлік оқиғасының салдарынан автоцистернасы (715 ADC 09 мемлекеттік нөмірі) бар КамАЗ арнайы жүк көлігі аударылып қалды. Апат салдарынан автоцистернадан жалпы массасы 25 тонна күкірт қышқылы ағып, шамамен 50 шаршы метр жер теліміне жайылды", - делінген хабарламада.
ШҚО бойынша экология департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мамандар оқиға орнына барып, топырақ жамылғысының ластану дәрежесін анықтау үшін топырақ үлгілерін алған. Сонымен қатар күкірт қышқылын залалсыздандыру және ластау көзін анықтау мақсатында "Казцинк" ЖШС 15 тонна әк бөліп, ластанған аумақтың бетін жапқан.
"Экологиялық кодекстің 136-бабына сәйкес іс-әрекеті немесе қызметі қоршаған ортаға зиян келтірген тұлға қоршаған ортаға зиян келтірген табиғи ортаның құрамдас бөліктерін толық және өз қаражаты есебінен қалпына келтіруге міндетті екенін еске саламыз. Экологиялық залал келтірген адамды әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту мұндай адамды осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен босатпайды", - делінген баспасөз хабарламасында.
Кездейсоқ ластану салдарын жою бойынша міндеттер күкірт қышқылын тасымалдау бойынша қызмет көрсеткен "AM Logistic" ЖШС-не жүктелетіні белгілі болды. "Қазіргі таңда Катонқарағай аудандық полициясы аталған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша жедел тергеу шараларын жүргізіп жатыр, оның аясында экологиялық залал анықталатын болады", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.