ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі АҚШ-тың Coursera компаниясымен арадағы келіссөздердің барысы туралы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат-қа сілтеме жасаған kazlenta.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тағы сапары кезінде Coursera компаниясының басшысы Джефф Маджионкалдамен кездескен болатын. Кездесуде мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, университеттерді академиялық қолдау және азаматтарды оқыту мен қайта оқыту сынды білім беру саласының мәселелері қарастырылған.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметі бойынша, арадағы келіссөздер жемісті аяқталса, Coursera компаниясының білім беру платформасына 100 мың қазақстандық студент қол жеткізбек. Оның үстіне, платформадағы білім мазмұны ішінара қазақ және орыс тіліне аударылуы мүмкін.
«Бұл 100 мың студенттің қалай іріктелетіні келіссөз барысында нақтыланады. Әзірге биыл 20 мың лицензия, 2023 жылы 30 мың лицензия, 2024 жылы 50 мың лицензия берілетіні белгілі. Басымдық өңірлік университеттерге және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан студенттерге беріледі. Дегенмен, іріктеудің нақты тетігі Coursera өкілдерімен бірге пысықталып жатыр», - дейді министрліктегілер.