Таразда «Қасиетті қазақ елі» атты халықаралық өнер фестивалі өтті. Өнер байқауына Түркия, Иран, Моңғолия, Қытай, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерден арнайы келген өнерпаздармен қатар, елімізде тұратын қандастар қатысты.
Этникалық қазақтардың бірегейлігін сақтау, ұлттық құндылықтарын, ана тілін, мәдениетін, дәстүрін құрметтеу, қазақи болмысын жоғалтпау мақсатында дәстүрлі түрде өткізілетін фестивальге келген шетелдік қандастарды облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қабылдап, құрмет көрсетті.
Жиында сондай, «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы сөз алып, облыс басшысына құрметі үшін алғысын жеткізсе, Өзбекстаннан, Ресейден, Түркиядан келген өнерпаз қандастар ата –жұртқа деген ыстық лебіздерін білдірді.
Екі күнге созылған фестиваль аясында қонақтар тарихқа толы Тараз шаһарындағы «Көне Тараз» этномәдени-тарихи кешенін аралады. Облыстық музейде, көрме залында, «Руханият және тарихтану» орталығы мен туризм және қолөнер орталығында болды.
Баласағұн орталық концерт залында өткен фестивальдің ашылу салтанатында «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы, Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Махмедғали Сарыбеков, облыс әкімінің орынбасары еркін Үйсімбаев сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Өнерпаздар байқауда күй мен терме, дәстүрлі ән мен вокал, қолөнер және мүшайра аталымы бойынша сынға түсті. Фестивальде сондай-ақ, қолөнершілердің үздік туындылары қойылған көрме ұйымдастырылды.
Шетелдегі дарынды қазақтардың ұлтымыздың сөз өнерін, күйшілік, термешілік дәстүрді сақтауы мен орындаушылық шеберлігін паш ету, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберлердің шығармашылығын қолдау мақсатында осымен 5 рет өткізілген фестиваль Тараз төрінде өз мәресіне жетті.
Айта кету керек, Қазақстан шет елдегі қандастарды қолдаған 5 мемлекеттің бірі.