Орал қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ресей Федерациясында тұратын қазақ диаспора өкілдерімен мәдени байланысты нығайту мақсатында «Аltyn kópir» халықаралық фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Аталмыш шара Батыс Қазақстан облыстық тілдер дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткізілуде, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Фестивальдің басты мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтауға, рухани және тарихи-мәдени мұраны нығайтуға бағытталған шараларды ұйымдастыру арқылы Ресей Федерациясындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен тығыз мәдени-әлеуметтік байланыстарды орнату. Сондай-ақ Ресей Федерациясындағы қазақ диаспорасы өкілдеріне ана тілін үйренуде әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету болып табылады.
Аталмыш шара Ресей Федерациясының Самара, Саратов, Орынбор, Курган облыстары бойынша қазақ диаспорасының жас өкілдерінің, соның ішінде жоғары оқу орындарының белсенді және көшбасшы студенттерінің, қоғамдық пікір көшбасшыларының, қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерінің қатысуымен ағымдағы жылдың 3-9 қыркүйек күндері аралығында өткізілетін болады. Сондай-ақ, шараға жергілікті лингвист ғалымдар, өлкетанушылар, қолөнер бағытында қызмет ететін кәсіби мамандар, тарих мамандары және жастар қоғамдық ұйымдары көшбасшылары қатыспақ.
Фестиваль аясында облыс аумағындағы тарихи-мәдени нысандарға саяхат, ұлттық музыкалық аспаптардің бірі домбыраны жасауды, ұлттық би билеуді үйрету, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер түрлерін жасау бойынша шеберлік сабақтар ұйымдастырылатын болады. «Ұлттық код – рухани жаңғыру негізі», «Шежіре - ұлттық тарихтың бір тармағы» тақырыптарында сұхбат алаңдары мен тренингтер өткізіліп, ұлттық спорт ойындарын тамашалау жоспарға алынған. 7 күндік фестиваль барысында тағы да басқа қызықты әрі танымдық шаралар атқарылып, қазақ тілі курстары да жүргізілетін болады.
Алғашқы сөз кезегі Батыс Қазақстан облыстық тілдер дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Ганиеваға берілді. Светлана Қадырбайқызы өз сөзінде аталмыш шаралардың маңызы мен мақсатын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар жыл бойы қандай шаралардың ұйымдастырылғанын тілге тиек етіп, қонақтарға сәттілік тіледі.
Ресей Федерациясында тұратын қазақ диаспорасының өкілдері жыл басынан бері мемлекеттік тілді онлайн түрде тегін оқып келді. Қазақ тілін оқыту курстары ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейн онлайн форматта жалғаспақ.
Ганиева Светлана Қадырбайқызы, Батыс Қазақстан облыстық тілдер дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Бүгін екі ел арасындағы достықты ту еткен «Аltyn kópir» фестивалі басталды. Аталмыш шара 2019 жылдан бері ұйымдастырылып жүр. 2019 жылы шара аясында өңірімізге 30 адам қонақ болып келсе, 2020 жылы онлайн форматта 80 адам белсене қатысты. Биыл шарамызға 25 қандасымыз келіп отыр. Жалпы, шараның мақсаты – қандастарымызбен әдеби, мәдени байланыс орната отыра, өз ана тілдеріне деген қызығушылыған ояту. Қандастарымыздың ұсынысы бойынша онлайн форматта қазақ тілінен курс оқытылып, Ресейдегі қазақ бауырларымыз тегін тіл үйренді. Курс өткендер қатарында жастардан бастап зейнеткерлерге дейін бар. Қонақтарымыздың келулерінің тағы бір мақсаты курс нәтижесі бойынша тест тапсырып, сертификат алу болып табылады. Бұл фестиваль 1 апта бойы өткізілетін болады. Шара жастардың тілімізге деген қызығушылығын одан әрі арттырады деген ойдамын.
Орал қаласы