Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскерлерді қолданудың жаңа тәсілдерін енгізе отырып, жауынгерлік даярлық бағдарламасын қайта қарау жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде Қарулы күштердің Бас штабында басшылық құжаттарды қайта өңдеуді жүзеге асыратын жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Бұл ретте аталған құжаттарға қазіргі заманғы қарулы қақтығыстар мен әскери қауіпсіздікке төнетін қатерлерді ескере отырып, әскерлерді оқытуда жеке құрамның жауынгерлік дағдыларын жетілдіруге бағытталған өзгерістер енгізілетін болады.
– Бөлімшелерді дайындау тәжірибесіне қалалық жерде ұрыс жүргізу кезінде қажет әскери тактикалық атыс дағдылары енгізілді. Бөлімше командирлеріне төтенше жағдай режимін қолдау мәселелері бойынша тактикалық сабақтар өткізілуде. Жалпыәскери бөлімшелерді даярлауда ұшқышсыз ұшу аппараттарымен күрес тәсілдері әзірленіп, енгізілді, – деді Жауынгерлік даярлық департаментінің өкілі полковник Қанатбек Әсемов.
Бұдан өзге, жауынгерлік оқу барысында басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бөлімшелерімен өзара іс-қимыл және практикалық тәжірибе алмасу жүзеге асырылатын болады.
Жаңадан енгізілетін өзгерістер Қарулы күштердің жеке құрамын оқыту мен бөлімшелердің жауынгерлік қабілетін арттыруға, сондай-ақ қолда бар күштер мен құралдарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.