4,5 мың полицей қаңтар оқиғалары кезінде HalykBank инкассаторларының қауіпсіздігін қамтамасыз етті, – деп хабарлайды Polisia.kz “Қазақстан Халық Банкінің Еншілес ұйымы “Halyk Инкассация” ЖШС-не сілтеме жасап.
Қаңтардың қайғылы оқиғаларында интернет пен ұялы байланыс шектеліп, мобильді және электрондық төлемдерді жүзеге асыру мүмкін болмай қалғанда қарапайым азаматтар қолма-қол ақшамен үнемі қамтамасыз етілді.
Өмірі мен денсаулығына төнетін қатерлерге қарамастан, HalykBank-тің инкассаторлары 3,5 мың банк бөлімшесіне, 6 мыңнан астам автожанармай құю бекетіне, 17,5 мың бизнеске шығуды жүзеге асырды. Халықты ақшамен, ЖЖМ-мен, азық-түлікпен және бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз ететін 13 мыңға жуық банкоматқа ақша жүктеді.
Бүліктер және тонау, жаппай тәртіпсіздіктер мен террористік актілер жағдайында бұл маңызды міндеттер полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан және Қарулы Күштердің әскери қызметшілерімен бірлесіп іске асырылды. Олар ақша керуендерінің қарулы күзетін және режимдік аймақтарға өтуін, сондай-ақ блок-бекеттер арқылы жүріп-тұруын қамтамасыз етті.
Осы мақсаттарға орай полиция органдары төтенше жағдай кезінде мыңнан астам автоэкипаж бен 4,5 мың қарулы полиция жасағын бөлді.
Инкассаторлардың, полицейлердің, Ұлттық ұланның үйлесімді жұмысының арқасында осы қиын-қыстау күндері еліміздің барлық бұрышында адамдардың ешқайсысы ақшасыз қалған жоқ.
– “Қазақстан Халық Банкінің Еншілес ұйымы “Halyk Инкассация” ЖШС басшылығы дағдарыс жағдайында қарапайым адамдардың өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыру бойынша маңызды әлеуметтік тапсырманы орындау кезінде батылдық пен ерлік көрсеткен әрбір инкассаторды, әрбір полицей мен әскери қызметшілерді мақтан тұтып, Ішкі істер министрлігіне көмегі үшін алғысын білдіреді, – деп жазылған ЖШС-нің баспасөз хабарламасында.