Елордада МСАК ұйымдарының жанындағы мобильді бригадалар тәулік бойы жұмыс істейді. Мұндай шешім қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты қабылданды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Тәулік бойы жұмыс істейтін режимге көшкен сәттен бастап мобильді бригадаларға түсетін қоңыраулар саны 2 есеге артты. Бір күнде бір МСАК ұйымы 70-80-нен астам амбулаториялық пациентке барады.
Елорда тұрғындары мобильді бригадалардың жұмысына оң баға беріп, олардың жауаптылығы мен көрсеткен көмегін атап өтті.
«Менде коронавирус анықталды, осы үшін бүгін емханадан бригада келді. Мұндай аурудан кейін ешқайда шығуға болмайды және оқшаулау тәртібін сақтау керек. Өзіммен тұратын барлық туысым ПТР тапсырып, тесттен өтті. Дәрігерлерге науқасты жалғыз қалдырмағаны үшін алғыс айтамын. Барлық дәрігерлерге мықты денсаулық пен амандық тілеймін», - деді №3 қалалық емхананың науқасы Арман Әмірбеков.
Тағы бір қала тұрғыны медицина қызметкерлері жылдам келгенін атап өтті.
«Мен мобильді бригаданы шақырдым, өйткені мен КВИ бойынша байланыста болдым – туысымнан вирус анықталды. Бригада жылдам жетті. Бригада дәрігері Ақмаралға өте ризамын, ол өзін қалай ұстау керектігін және жағдай нашарлаған кезде не істеу керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Маған еңбекке жарамсыздық парағын берді. Дәрігерлерге рақмет!" - дейді елорда тұрғыны Аида Сабыржанова.
Қалалық емханалардың бірінің дәрігері кестені қайта қарағаннан кейін олардың жұмысы қалай өзгергенін айтты.
«Иә, сын-қатерлер артты, жүктеме артты. Емхана күніне 70-тен астам шақыртуға қызмет көрсетеді. Бәріне бірдей үлгеру мүмкін, емес. Бірақ пациенттерге барынша жылдам жетуге тырысамыз. Тағы да қиын кезеңді бастан өткеріп жатырмыз, сондықтан барлық қызметтердің жұмысына түсіністікпен қарауды сұраймыз», - дейді №4 қалалық емхананың ЖПД дәрігері Наталья Маркварт.
Бүгінде қала бойынша 26 мыңнан астам адам амбулаторлық емделуде. Оның ішінде жүкті әйелдер – 500-ден астам, балалар – 1 500.