Ақтөбеліктің көлігінен 6 жабайы қабанның ұшасы табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылғы 1-31 желтоқсан аралығында Ақтөбе облысы аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзу деректерін анықтау, браконьерлікпен айналысуға, ағаштар және жабайы фаунаның басқа да түрлерін өткізуге, сатып алуға ұйымдасқан қылмыстық топтар қызметінің жолын кесу мақсатында “Киік” республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Жедел алдын алу іс-шарасын жүргізудің 14 күнінде мобильді топтар табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 92 дерегін анықтады. Оның ішінде жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау ережелерін бұзудың 67 және балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау ережелерін бұзудың тоғыз дерегі анықталды.
10 желтоқсан күні табиғатты қорғау полиция қызметкерлері Әйтеке би ауданы аумағында Т.Жүргенов ауылынан 210 шақырым жерде “Киік” жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде Алға ауданының 36 жастағы тұрғынының басқаруындағы Toyota Land Cruiser-80 автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде жүк салғыштан алты жабайы шошқа ұшасы, сондай-ақ төрт бірлік аңшылық мылтық және 113 патрон табылды. Автокөлікте екі жолаушы болған. Жүргізушіде бір жабайы шошқаны атуға рұқсат болған.
Заңсыз аң аулау фактісі бойынша ҚР ҚК 337-бабы 3-бөлігімен тергеу амалдары жүргізілуде.
Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.