Түркістан облысының полицейлері заңсыз аңшылықты анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыс аудандық ПБ-нің қызметкерлері “Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шарасын қарқынды іске асыруда. Арыстық табиғатты қорғау полицейлері кезекті рейд жұмыстары аясында, “Охотзоопром” қызметкерлерімен бірлесе отырып, шұғыл іс-шараларды ұйымдастырды. Соның нәтижесінде Жиделі ауылының құмды жерінде заңсыз аң аулаушы ұсталды. Күдікті жергілікті тұрғын болып шықты. Одан айғақты зат ретінде еш жерде тіркелмеген бір дана аңшы мылтығы, бір дана заңсыз атылған қоян мен бір дана “Қызыл кітапқа” енгізілген қарақұйрықтың денесі тәркіленіп алынды.
ҚР ІІМ тіркелмеген қаруды пайдалану арқылы заңсыз аң аулауға шыққан күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 337-бабы (Заңсыз аңшылықпен) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды.
Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың 11 қазан мен 11 қараша күндері аралығында Түркістан облысы аумағында “Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты табиғатты қорғау заңнамасы, заңсыз аң аулау, балық аулау, ағаш кесу, объектілер мен биологиялық ресурстар өнімдерінің заңсыз айналымы саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және жолын кесу болып табылады. Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға және табиғатты қорғауға шақырады, сондай-ақ заңды бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салады.