"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы Алматы облысында орын алған қайғылы оқиғаға қатысты мән-жайды тарқатып айтып берді , деп хабарлайды Zakon.kz.
"2019 жылдың 15 қыркүйек күні сағат 19:08 уақытында Алматы облысының "Ақсеңгір – Шамалған" учаскесінде №43 - Алматы-Қостанай жолаушылар пойызы (жекеменшік тасымалдаушы "Турксиб-Астана" ЖШС) автобуспен соқтығысты. Оқиға көлік жолын қиып өтетін 4028 шақырымда орналасқан күзетіліп-реттеліп отыратын теміржол өтпесі бойында болды.
№557 АР 04 автобусының жүргізушісі өткелге келген кезде жол кептелісіне байланысты теміржолдың үстінде тұрып қалған.
№43 жолаушылар пойызы өткелге жақындағанда белгі беру құрылғылары автоматты түрде іске қосылды. Дыбыстық сигнал қосылды, өту бағдаршамдарының қызыл шырағы жанды. Теміржол шлагбаумы түсірілмеген, себебі бұл кезде көлік кептелісі болып тұрған" - деп хабарлады Ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
ҚТЖ-да атап өткендей, өткел кезекшісі жолаушылар пойызын тоқтату үшін тосқауыл бағдаршамын іске қосқан, бірақ ол кезде тым кеш болған.
"№43 жолаушылар пойызының машинисі шұғыл тежегішті басқан, бірақ арақашықтық тым жақын болғандықтан, автобусты қақпай қалу мүмкін болмады. Салдарынан автобус жол жиегіне шығып кетті. KZ4AC-0010 электровозы бүлінген, бірақ рельстен шықпаған. Сондықтан электровозды ауыстыруға тура келді. Сол себепті пойыз 01 сағат 38 минутқа кешігіп жолға шықты, пойыз жолаушылары арасында зардап шеккендер жоқ", - деп атап өтті ҚТЖ.
Бұл жағдайды тексеру үшін "ҚТЖ" ҰК" АҚ-да арнайы комиссиясы құрылды.
Айта кетсек, кеше Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысты. Алдын ала болжам бойынша, автобус темір жолдың рельсіне шығып кеткен. Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оның екеуі бала. Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура өз бақылауына алды.