Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы уәкілетті органдары басшылары кеңесінің 14-отырысы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Отырысқа ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің энергетика министрлері қатысты.Жиын барысында тараптар ЕАЭО аясындағы энергетикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, оның ішінде газдың, мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын, сондай-ақ электр энергиясының ортақ нарығын қалыптастыру мәселелерін қарастырды.
Ортақ энергетикалық нарықтардың жұмыс істеуіне арналған нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіруге, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ұстанымдарын келісуге және энергетика саласындағы интеграциялық үдерістерді ілгерілетуге ерекше назар аударылды.
Отырысқа қатысушылар алдағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасып, Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы энергетикалық ынтымақтастықты нығайту үшін сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтті.
Отырыс еуразиялық энергетикалық интеграцияны дамыту және энергетика саласындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру жөніндегі бірлескен жұмыстың кезекті қадамы болды.