2026 жылғы 27-30 тамыз аралығында Бішкек қаласында Қырғыз Республикасының төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық үйлестірушілер 2026 жылғы 1 қыркүйекте Бішкек қаласында өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің алдағы отырысының қорытынды құжаттарының жобаларын қарастырды, сондай-ақ көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Ұйым қызметін жетілдірудің өзекті аспектілеріне және оның шарттық-құқықтық базасын нығайтуға ерекше назар аударылды.
«Бішкек қаласында өтетін Мемлекет басшыларының алдағы Саммиті ШЫҰ-ны одан әрі дамыту тұрғысынан айрықша маңызға ие. Ұйымның 25 жылдығы атап өтілетін биылғы жылы өткен кезеңді қорытындылап қана қоймай, алдағы өзара іс-қимылдың нақты бағдарларын айқындау маңызды. Қазақстан ШЫҰ-ның тиімді әрі теңгерімді көпжақты құрылым ретіндегі рөлін нығайтуға айрықша мән береді», - деді Қазақстан Республикасының ШЫҰ істері жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Мұрат Мұқышев.
ШЫҰ Саммитінің қорытындысы бойынша Ұйым қызметінің тиімділігін одан әрі арттыруға және мүше мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ауқымды құжаттар топтамасын қабылдау жоспарлануда. Олардың қатарында ШЫҰ-ның 25 жылдығына орайластырылған Бішкек декларациясы бар.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесі Ұйымның ағымдағы қызметін үйлестіруді жүзеге асырады, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тиісті министрліктері мен ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.