Қазақстан мен Нидерланд агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ниетті. Екі ел озық технологияларды енгізуге, инвестиция тартуға, экспорт көлемін ұлғайтуға және заманауи өндіріс орындарын Қазақстанда ашуға басымдық беріп отыр. Бұл Гаагада өткен Қазақстан мен Нидерландтың ауыл шаруашылығы жөніндегі бірлескен жұмыс тобының төртінші отырысында талқыланды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан делегациясын ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Канафин бастап барды. Жиынға Нидерланд Ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және табиғат министрлігінің Халықаралық екіжақты қатынастар бөлімінің басшысы Мартейн Вейтенс бастаған өкілдер, сондай-ақ екі елдің салалық ұйымдарының мүшелері қатысты.
Тараптар тұқым шаруашылығы мен селекция, аграрлық ғылым мен инновация, ветеринария, мал шаруашылығы мен аквашаруашылықты дамыту, фитосанитариялық қауіпсіздік және өсімдіктерді қорғау мәселелерін талқылады. Әсіресе, тәжірибе алмасумен шектелмей, нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға баса назар аударылды. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға арналған.
Қазақстан мен Нидерланд арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі — тұқым шаруашылығын дамыту және өсімдіктердің жаңа сорттарына қатысты құқық қорғау жүйелерін жетілдіру. Қазақстан Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық одаққа (UPOV) қосылу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта Мемлекеттік тізілімге Нидерланд селекциясынан шыққан ауыл шаруашылығы дақылдарының 411 сорты мен буданы енгізілген. Тағы 53 сорт пен будан сынақтан өткізіліп жатыр.
Сонымен қатар Қазақстанның 2027 жылы Naktuinbouw PVP Toolbox бағдарламасына қатысу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл бастама өсімдіктердің жаңа сорттарына қатысты құқық қорғау тетіктерін жетілдіруге және отандық мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған. Нәтижесінде заманауи селекциялық жетістіктерді өндіріске енгізуге және аграрлық ғылымды дамытуға жол ашылады.
Екі ел кадр даярлау, аграрлық білім беру және қолданбалы зерттеулер саласындағы әріптестікті де кеңейтіп келеді. «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» мен GroenPact арасындағы меморандум аясында Нидерландтың ауыл шаруашылығы және азық-түлік салаларына маман даярлау тәжірибесін енгізу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ академиялық алмасуды дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және саланың нақты сұраныстарына бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізу көзделген.
Мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық та нақты нәтижелерді көздейді. Partners in Business бастамасы сәтті жүзеге асырылып, Нидерландтың құс шаруашылығы кластерімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бұдан бөлек, Нидерландтың Royal GD корольдік жануарлар денсаулығы қызметімен бірлескен жұмыс жалғасып жатыр. Атап айтқанда, ұйымның құс ауруларын диагностикалау әдістерін сынақтан өткізу мәселесі қарастырылуда. Ветеринариялық диагностикаға заманауи тәсілдерді енгізу және мамандар арасындағы кәсіби байланысты нығайту өндіріс тиімділігін арттырып, биологиялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге ықпал етеді.
Аквашаруашылық саласы да технологиялық әріптестікті дамытуға мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі саналады. Тараптар алдағы жылы Нидерланд компанияларының қатысуымен Қазақстанда бизнес-миссия ұйымдастыруға уағдаласты. Оның негізгі мақсаты — балық өсіру саласына заманауи технологиялар мен жабдықтар енгізу, инвестиция тарту және жаңа өндірістік шешімдерді қолдану мүмкіндіктерін анықтау.
Атап айтқанда, тұйық сумен жабдықтау жүйелерін дамыту, балық жемін өндіру және су сапасын бақылау мәселелеріне басымдық беріледі. Сонымен қатар шаруашылықтардың өнімділігін арттыруға және су мен басқа да ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін технологиялар қарастырылады. Бизнес-миссия қазақстандық кәсіпорындарға шетелдік технологиялық компаниялармен және әлеуетті инвесторлармен тікелей байланыс орнатуға жол ашпақ.
Мал шаруашылығының сүт бағытын жаңғырту аясында да маңызды бастама қолға алынуда. UNIFORM-Agri компаниясымен цифрлық экожүйені енгізуге арналған пилоттық жобаны іске қосу жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Жоба сүт фермаларының өнімділігін арттыруды, малдың саулығын жақсартуды және өндірілетін өнімнің жеткізу тізбегі бойындағы қадағалануын қамтамасыз етуді көздейді. Цифрлық шешімдерді енгізу шаруашылықтарды басқару тиімділігін арттырып, өндірістік үдерістерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Нидерланд Erasmus Commodity & Trade Centre ұйымымен бірлесіп, озық тәжірибе орталықтарын құруға бағытталған талдамалық зерттеу жүргізу мәселесін де пысықтап жатыр. Бұл бастама сыртқы сауда саласындағы құзыреттерді дамытуға, экспорттық тәсілдерді жетілдіруге және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің Еуропалық одақ нарығындағы орнын нығайтпақ.
Екі ел арасындағы әріптестіктің экономикалық көрсеткіштері де қарқынды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Нидерланд арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сауда көлемі 33%-ға артты. Ал Қазақстаннан экспортталған агроөнеркәсіптік өнім көлемі 2,5 есе өсті. Биылғы жылдың алғашқы сегіз айында екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 108,7 млн АҚШ долларына жетті.
Қазақстан Нидерланд нарығына отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді одан әрі ұлғайтуды көздейді. Экспорттық әлеуеті жоғары өнімдердің қатарында астық және майлы дақылдар, оларды өңдеу арқылы алынатын өнімдер мен агроөнеркәсіптік кешеннің өзге де сұранысқа ие тауарлары бар.
Бұл мақсатқа жету үшін ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды сақтау, өнімді сертификаттау және қазақстандық тауарлардың Нидерланд пен Еуропалық одақ нарығына шығу тетіктерін жетілдіру маңызды.
Қазақстан мен Нидерландтың ынтымақтастығы сауда көлемін арттырумен ғана шектелмейді. Тараптар инвестиция тартуға, озық технологияларды Қазақстанға әкелуге және заманауи өндіріс орындарын ашуға да мүдделі. Бұл жерде басым салаларға жылыжай шаруашылықтарын жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және жоғары өнімді мал шаруашылығын өркендету қамтылады.
Бұған қоса, тараптар Қазақстанда қатты ірімшік пен мал азығын өндіретін кәсіпорындар ашу жөніндегі инвестициялық жобаларды пысықтап жатыр. Қазіргі кезеңде технологиялық әріптестік орнату, өндірісті жергіліктендіру және инвестиция тарту мүмкіндіктері қарастырылуда. Мұндай жобалар отандық өндіріс қуатын арттыруға, жаңа технологияларды игеруге және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафин екі ел арасындағы әріптестіктің маңызын атап өтті.
«Нидерланд — Қазақстанның жоғары технологиялы ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызды серіктестерінің бірі. Біздің басты міндетіміз — тәжірибе алмасудан нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, инвестиция тартуға және технология трансферіне көшу. Тұқым шаруашылығы, жылыжай өндірісі, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және АӨК-ті цифрландыру бағыттарында зор әлеует бар. Ортақ мақсатымыз — ынтымақтастықтың нақты нәтижелеріне қол жеткізу, қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оның Еуропа нарығына шығу мүмкіндіктерін кеңейту», — деді вице-министр.
Жұмыс бағдарламасы аясында Қазақстан делегациясы Нидерландтағы заманауи сүт фермалары мен ғылыми-зерттеу орталықтарына барады. Бұл сапар озық тәжірибені зерделеуге, технологиялық әріптестікті нығайтуға және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне енгізуге болатын тиімді шешімдерді анықтауға мүмкіндік береді.