Петропавлда мас күйде шлагбаумды сындырған тұрғын жазаланды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Петропавл қаласын Бөкетов көшесінде 26 жастағы тұрғынның бұзақылық әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Ол түнгі сағат 03:30 шамасында үй ауласындағы шлагбаумның жебесін сындырып кеткен. Полицейлер бейнежазба арқылы жігітті көп ұзамай анықтады. Ол бұл әрекетін мас күйде болғанымен түсіндірген. Сот оның әрекетін ұсақ бұзақылық деп танып, айыппұл салынды.
Полицейлер ұсақ бұзақылық жасағаны үшін заңда 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, 20-дан 30 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза көзделгенін еске салады. Тәртіп сақшылары вандализм, бұзақылық және қоғамдық тәртіпті бұзудың басқа да деректерінің алдын алу бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында ұсақ бұзақылықтың 1600-ден астам дерегі тіркелді. Оның 891-і Петропавл қаласында болған.