Алматыда Porsche автокөлігі жолаушылар автобусымен соқтығысты. Апат салдарынан бірнеше адам медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 30 қыркүйек сағат 15:20 шамасында қаланың Түрксіб ауданында болған.
Оқиға орнынан түсірілген суреттерді редакцияға оқырман жолдады.
Кадрлардан Porsche көлігінің алдыңғы бөлігі қатты зақымданғанын көруге болады. Сондай-ақ автобустың алдыңғы оң жақ бұрышы бүлінген. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеді.Полиция мәліметінше, Golden Dragon маркалы автобус Рысқұлов даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан:
"Кері бұрылу кезінде автобус жүргізушісі қарсы бағытта, яғни батысқа қарай келе жатқан Porsche көлігіне жол бермеген. Салдарынан көліктер соқтығысып қалды".
Апаттан кейін бірнеше адам, соның ішінде автобус жолаушылары медициналық көмекке жүгінді. Нақты қанша адам зардап шеккенін және ауруханаға жатқызуды қажет еткендер бар-жоғын полиция нақтыламады.
Қазір жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін Түрксіб аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр.
Бұған дейін Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде жолаушылар автобусы апатқа ұшырағаны туралы айтып берді. Полиция мәліметінше, Golden Dragon жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегінде тұрған ЗИЛ көлігімен соқтығысқан. Соққы екпінімен жүк көлігі алдында тұрған ГАЗ маркалы автокөлікке соғылған. Төрт адам медициналық көмекке жүгінді.