Астанада түнгі уақытта тыныштықты бұзған азаматтар жауапқа тартылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Түнгі сағат 03:30 шамасында Астана қаласының Лепсі көшесінде орналасқан моншалардың бірінде тыныштық бұзылғаны туралы ақпарат түсті. Полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, мән-жайды анықтады. Нысан ішінде қатты музыка қосылып, шулаған дауыстар естілген. Сонымен қатар келушілер караокеде ән айтып отырған. Аталған факті бойынша 37 жастағы азаматшаға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Полиция азаматтарға түнгі уақытта тыныштықты сақтап, айналадағы тұрғындардың заңды мүдделері мен демалу құқығын құрметтеуді ескертеді. Көңіл көтеру орындарында демалу кезінде де белгіленген тәртіп талаптарын сақтау маңызды. Қатты музыка, айғай-шу және караоке айналадағы тұрғындардың тынығуына кедергі келтірмеуі тиіс. Сонымен қатар полиция ойын-сауық орындарының әкімшіліктерін де түнгі уақытта қоғамдық тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз етуге, келушілерге белгіленген талаптарды түсіндіруге шақырады.