Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында қолданыстағы зауыттарды жаңғырту және жаңа төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралған кеңес өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов жұмыс істеп тұрған МӨЗ-дерді кеңейту жұмыстарының ағымдағы жай-күйі мен мерзімдері туралы баяндады. 2030 жылға қарай Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін, ал Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын 2031 жылға қарай 6 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Атырау мұнай өңдеу зауытында тиімділікті арттыру жобасы жүзеге асырылуда; 2027 жылы аяқталуы жоспарланған жоба аясында зауыттың өндірістік қуаты 5,5 млн тоннадан 6,1 млн тоннаға дейін ұлғаяды.
Одан бөлек, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту аясында «Кеңқияқ – Атырау» және «Кеңқияқ – Құмкөл» магистральдық мұнай құбырларының, «Текесу» стансасының өткізу қабілетін кеңейту, сондай-ақ қуаттылығы жылына 3,5 млн тоннаға дейін жететін «Шымкент – Алматы» мұнай өнімдері желісін салу қарастырылған.
Жалпы, жұмыс істеп тұрған үш МӨЗ-ді кеңейту жобаларын жүзеге асыру олардың жиынтық қуатын жылына 17,5 млн-нан 28,8 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев төртінші МӨЗ салу мәселесі пысықталып жатқаны туралы баяндады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, ұзақ мерзімді перспективада елдің мұнай өңдеу қуаттылығына деген қажеттілік жылына 40 млн тоннаға жетуі мүмкін.
Премьер-министр жыл соңына дейін төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі бойынша кешенді бағалауды аяқтап, оның оңтайлы қуатын, конфигурациясын, шикізат базасын, орналасу орнын және экономикалық моделін айқындай отырып, түпкілікті шешімдер қабылдауды тапсырды.
Кеңеске қатысушыларға орта және ұзақмерзімді перспективада ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында саланың өндірістік әлеуетін арттыру бойынша бірқатар тапсырма берілді. Жауапты мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдарға мұнай өңдеу қуаттарын кеңейту жобаларын тұрақты бақылауда ұстау, мерзімдердің кешіктірілуіне жол бермеу және нысандардың уақтылы іске қосылуын қамтамасыз ету тапсырылды. Мұнай өнімдеріне ішкі сұраныстың артуын ескере отырып, мұнай өңдеуді одан әрі тереңдетуге ерекше назар аударылды.
«Мұнай өңдеу қуатының артуы ішкі нарықтағы ЖЖМ бағасының тартымдылығымен тікелей байланысты. Қазіргі жағдайда Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы көршілес елдермен салыстырғанда екі есе төмен болғандықтан, мұнай өңдеу саласына инвестиция салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан нарықты ырықтандыруды белсенді түрде жалғастыру қажет. Бұл – экономикалық қауіпсіздік мәселесі», — деп атап өтті Олжас Бектенов.