Аршалы ауданында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6636 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ҚАЖД қызметкерлерімен бірлесіп, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің аумағына тыйым салынған затты жеткізу әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Г. есімді азамат басқарған ГАЗель автокөлігін тексеру кезінде қызметтік ит Айза артқы көріністі көрсететін айнаның оң жақ тұсында күмәнді заттың болуы мүмкін екені туралы белгі берді. Тексеру барысында айна қуысының ішінен жасыл түсті, өзіне тән иісі бар зат салынған жасырын орама табылды. Тексеру тобының құрамында ефрейтор Тимур Қожабеков пен кинолог Береке Дөненбай қызмет атқарды. Олардың үйлесімді әрекетінің арқасында күмәнді түйіншек дер кезінде анықталып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы және құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғалар анықталып жатыр. Жағдай құзырлы органдардың бақылауында. Ұлттық ұландықтар ҚАЖД қызметкерлерімен бірлесіп, режимдік объектілерге тыйым салынған заттар мен басқа да бұйымдарды жеткізу әрекеттерінің жолын кесу бойынша тұрақты түрде тиісті шаралар қабылдайды.