Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Samsung E&A компаниясының президенті әрі бас атқарушы директоры (CEO) Хонг Намкунгпен кездесу өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Энергетика министрілігіне сілтеме жасап.
Samsung E&A – мұнай өңдеу, мұнай-химия және энергетика салаларындағы ірі жобаларды іске асыруда мол тәжірибесі бар Оңтүстік Кореяның жетекші инжинирингтік және EPC-компанияларының бірі.
Тараптар Қазақстанда жаңа мұнай өңдеу және мұнай-химия кешенін құру жөніндегі стратегиялық жобаны іске асыру аясындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында кореялық компания өкілдеріне жобаны дайындаудың қазіргі барысы және оны одан әрі іске асырудың негізгі бағыттары таныстырылды. Болашақ кешеннің технологиялық конфигурациясы, мұнай-химия өндірісін дамыту, жеке инвестицияларды тарту және озық инженерлік шешімдерді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Оңтүстік Корея компаниясының өкілдері жобаны одан әрі зерделеуге және оны іске асырудың кейінгі кезеңдеріне қатысу мүмкіндіктеріне қызығушылық білдірді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жаңа кешеннің алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары жалғасуда. Бұл кезеңде шикізат базасы мен инфрақұрылымды ескере отырып, жобаның технологиялық конфигурациясы, өндірістік мамандануы және орналасу орнының түрлі нұсқалары қарастырылуда.
Энергетика министрлігі жобаны іске асыруға әлеуетті инвесторларды, технологиялық серіктестерді және жетекші халықаралық инжинирингтік компанияларды тарту бойынша жұмысты жалғастыруда.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және ынтымақтастық перспективаларын егжей-тегжейлі пысықтауға дайын екендерін білдірді.