Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ернар Хасенов Теміртауда энергетикалық инфрақұрылымның негізгі нысандарындағы жөндеу жұмыстарының барысымен және қаланың 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығын тексерді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Теміртау қаласындағы ГРЭС-1-де №10 қазандық агрегатына күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жоспарланған жұмыстар аяқталғаннан кейін станция жылыту маусымын үш қазандық және екі турбина құрамында бастау жоспарлануда. «Qarmet» АҚ-ның ЖЭО-2 станциясында №2 қазандық агрегатына күрделі жөндеу, ал №1 қазандық агрегатына кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Жөндеу науқанының қорытындысы бойынша станцияның жылыту маусымын алты қазандық және төрт турбина құрамында өткізуге дайындығын қамтамасыз ету жоспарлануда. Теміртау қаласының жылу желілерін дайындауға да ерекше назар аударылды. Кәсіпорын басшылығы «Қарағанды облысы, Теміртау қаласы, Мичурин көшесіндегі ВК «Мука-Сахар» (Қарағанды көшесі) нысанынан ТП-34-ке дейінгі ТМ №3 жылу желілерін реконструкциялау» жобасының іске асырылуы туралы ақпарат берді.
Биыл жоба аясында 3,8 шақырым жылу желісін жаңғырту көзделген. Бүгінде құбырдың шамамен 3 шақырымының монтажы аяқталды, қалған ұзындығы шамамен 800 метр учаскеде жұмыстар жалғасуда.Жобаны іске асыру тұтынушыларды жылумен қамту сенімділігін арттыруға, жылу шығынын азайтуға және қысқы кезеңдегі ең жоғары жүктемелер кезінде жылу инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Инспекция қорытындысы бойынша Ернар Хасенов барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде және орындалатын жұмыстардың сапасына қойылатын талаптарды сақтай отырып аяқтауды тапсырды. Негізгі және қосалқы жабдықтардың техникалық жағдайына, сондай-ақ жылу желілерінің қысқы кезеңдегі ең жоғары жүктемелерді өткеруге дайындығына ерекше назар аудару ұсынылды.