Павлодарда "Абайлаңыз, балалар!" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жаңа оқу жылы қарсаңында полиция қызметкерлері жолаушылар тасымалының жағдайына, оның ішінде мектеп автобустарына ауқымды тексеру жүргізіп, білім беру ұйымдарының маңындағы көше-жол инфрақұрылымын зерттеді, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Осылайша, өңір мектептеріне оқушыларды тасымалдайтын мектеп автобустарына қызмет көрсететін автокәсіпорындарға тексеру жүргізілді. Барлық автобустар заманауи қауіпсіздік жүйелерімен: бейнебақылау камераларымен, қауіпсіздік белдіктерімен, өрт сөндіру жүйелерімен және қозғалысы шектеулі жолаушыларға арналған пандустармен жабдықталуы тиіс. Автопаркте медициналық кабинет жұмыс істейді, онда жүргізушілер рейс алдындағы міндетті медициналық бақылаудан өтеді.– Балалардың жолдағы қауіпсіздігі – полицияның басты басымдығы. Біз жолаушылар тасымалына бақылауды жүйелі түрде күшейтіп, жол белгілері мен жол таңбаларын жаңартып, заманауи технологияларды енгізіп келеміз. Ата-аналар мен педагогтердің де балаларға жол қозғалысы ережелерін үнемі ескертіп отырғаны маңызды. Тек бірлескен күш-жігеріміздің арқасында балалар арасындағы жарақаттануды азайтып, олардың мектепке қауіпсіз жетуін қамтамасыз ете аламыз, – деді Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бакибай Ахмедьянов.