Павлодар облысы бойынша ҚАЖД мекемесіне тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеттерінің жолы кесілді, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облысында ҚАЖД қызметкерлері 6679 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, республикалық “Тосқауыл” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында №46 орташа қауіпсіздік мекемесінің аумағына тыйым салынған заттарды жеткізудің екі әрекетінің жолын кесті. Алғашқы оқиға 6 тамыз күні сағат 13:00-де сәлемдемелерді қабылдау бөлмесінде тіркелді. Павлодар қаласының тұрғыны жазасын өтеп жатқан танысына сәлемдеме әкелген. Сәлемдемені тексеру кезінде қызметкерлер танымал шоколадтың қаптамасына назар аударып, оның ішіне айлакерлік тәсілмен жасырылған қара түсті жұмыс істейтін ұялы телефонды анықтады.
Бір сағаттан кейін, сағат 14:00-де бақылау-өткізу бекетінде өндірістік аймаққа жеке кәсіпкердің қажеттілігі үшін ағаш материалдарын жеткізіп келе жатқан жүк көлігі тоқтатылды. Көлік кабинасын тексеру барысында жолаушы орындығынан жұмыс істейтін сымсыз құлаққаптар табылып, тәркіленді. Екі құқық бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы (Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттарды беру немесе беруге әрекет жасау) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жиналған материалдар сотқа жолдауға дайындалуда. Қызметкерлердің барлық әрекеттері тағылатын бейнетіркегіштерге жазылып алынды.
Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жабық мекемелердің аумағына байланыс құралдары мен электрондық құрылғыларды жеткізу немесе жеткізуге әрекет жасау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.