Шомылу маусымында №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Төтенше жағдайлар басқармасы, Полиция басқармасы және Есіл ауданының әкімдігі өкілдерімен бірлесіп су айдындарында рейдтік-профилактикалық іс-шара өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мұндай профилактикалық рейдтер Есіл ауданы аумағында тұрғындар мен елорда қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Әсіресе шомылуға рұқсат етілмеген, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін орындарға ерекше назар аударылады.
Рейд барысында демалушыларға түсіндіру жүргізіліп, судағы қауіпсіздік ережелері еске салынды. Сондай-ақ азаматтардың шомылуға тыйым салынған жерлерге түсуіне жол бермеу шаралары қабылданды.
«Бүгін аудан әкімдігі және Полиция басқармасы бірлесіп, шомылу маусымына байланысты су айдындарында рейдтік-профилактикалық іс-шара өткіздік. Рейд барысында тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, шомылуға рұқсат етілмеген орындарға түсуге болмайтыны туралы ақпарат жеткізілді», – деді Астана қаласы ТЖД Есіл ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Құрал Ерғазы.
Рейдке қатысушылар елорда тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және тек арнайы жабдықталған әрі шомылуға рұқсат етілген орындарда ғана суға түсуге шақырды.