Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында бокстан U23 санаты бойынша Азия чемпионы атанған Темірлан Мұқатаев пен Ибрагим Бетаевты салтанатты жағдайда күтіп алу іс-шарасы өтті. Оларды туған-туыстары, достары, жанкүйерлер ыстық ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Сары құрлық додасында 3 жекпе-жек өткізіп, барлығында басым түстім. Әсіресе Үндістан өкілімен өткен бірінші айқасым өте қиынға түсті. Ал финалда көпшілік тағатсыздана күтетін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жекпе-жек болды. Бірақ ол кезеңдерден де өтіп, 3 жыл қатарынан U22 және U23 санатында Азия чемпионы атағын еншіледім. Енді толыққанды ересектер боксына ауысып, қазан айында Таразда ұйымдастырылатын Қазақстан чемпионатында 85 келіде топ жарсам деймін. Басты мақсатым – 2027 жылы елордада өтетін әлем чемпионатында қазақтың көк туын желбірету», - деді Темірлан Мұқатаев.
Бір ерекшелігі – Темірлан Мұқатаев жасөспірімдер арасында 2 мәрте Азия чемпионы атанса, жастар арасында үшінші рет қатарынан осы атаққа қол жеткізіп отыр. Темірлан Мұқатаев 2024 жылы Астанада алғаш рет 85 келіде U22 санатындағы құрлықтық додада үздік шықса, 2025 жылы Таиланд елінде 90 келіде бірінші орын алған еді.
«2025 жылы U22 Азия чемпионатында топ жарғандықтан, осы жолы да үздік екендігімді дәлелдеуге бардым. Иә, оңайға түспеді. Бірақ қолдан келгенше тырысып, жеңісті жұлып алдым. Енді бұдан да үлкен жетістіктерге ұмтыламын. 2025 жылы жарақатыма байланысты ел чемпионатына қатыса алмап едім. Енді биыл сол олқылықтың орнын толтырып, Қазақстан біріншілігінің үздік үштігіне кіріп, ұлттық құрамаға енсем деген ойым бар», - деп 90 келіде чемпион атанған Ибрагим Бетаев өзінің ойымен бөлісті.
Енді ұлттық құраманың боксшылары алдағы жылдың басты бәсекесі саналатын, 2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазан аралығында Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына барады.