Астана халықаралық әуежайында Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпаздарын салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
2025 жылы көпшілік асыға күткен бокстан World Boxing ұйымының ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Ливерпуль төрінде 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль олжалап, жалпы командалық есепте топ жарған болатын. Спортшыларды ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Бердалин, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан, туған-туыстары, спорт жанкүйерлері құшақ жая күтіп алды. Олардың қатарында ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбайлар, Санжар Тәшкенбай, Бекзат Нұрдәулетов, Сабыржан Аққалықов, Сағындық Тоғамбай мен бас бапкер Қайрат Сәтжанов бар.
Айта кетейік, 2023 жылы Ташкент төрінде Нұрбек Оралбай топ жарып еді. Енді егіз Оралбайлардың да еншісінде әлем чемпионатының алтын жүлдесі бар.
Осы орайда Санжар Тәшкенбай (50 келі) мен Махмұд Сабырханның (55 келі) араға 18 жыл салып, 2 дүркін чемпион атанған санаулы боксшылардың қатарына кіргенін атап өткеніміз жөн. Чемпионатқа 68-ден елден 540 спортшы қатысты. Ал Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы өз тарихындағы үздік үшінші нәтижесін тіркеді. Қазақстан ерлер құрамасы әлем чемпионатында 32 жекпе-жек (14-і – Азия, 14-і – Еуропа, 3-еуі – Америка, 1-еу – Африка) өткізіп, оның 26-сында жеңіске жетті. Ал Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатында 30 жекпе-жек (11-і – Азия, 15-і – Еуропа, 1-еуі – Америка, 3-еуі Океания) өткізіп, оның 23-інде жеңісті тойлады. Енді боксшылардың алдарында әлем кубогының финалдық кезеңі, Азия чемпионаты, 2026 жылы Аичи-Нагояда өтетін жазғы Азия ойындары сынды ірі додалар күтіп тұр. Айта кетерлігі, келесі әлем чемпионаты 2027 жылы Қазақстанда өтеді.