Қарағанды облысында жыл басынан бері абаттандыру қағидаларын бұзудың 26 мыңнан астам дерегі анықталды, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарағанды облысында тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өңір полицейлері осы жылдың басынан бері санитариялық талаптар мен абаттандыру қағидаларын бұзудың 26 341 дерегін анықтады. Тазалық талаптарын сақтамайтын кәсіпкерлік субъектілеріне ерекше бақылау орнатылған. Іргелес аумақтарды күтіп-ұстау міндетін орындамаған 181 кәсіпорын мен ұйымның басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында сауда үйлері, дүкендер, қоғамдық тамақтану орындары, сұлулық салондары, жанармай құю станциялары, автосервис орталықтары және құрылыс нысандары бар. Бағдарлама аясында абаттандыру талаптарын бірнеше рет бұзатын тұлғаларға қатысты да қатаң шаралар қабылдануда. Жыл ішінде құқық бұзушылықты қайталаған 159 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды дер кезінде анықтау мақсатында полиция заманауи технологияларды тиімді пайдаланып келеді. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) көмегімен қолжетімділігі қиын аумақтардағы заңсыз қоқыс төгу орындары анықталуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірде 104 стихиялық қоқыс үйіндісі жойылып, қоқысты рұқсатсыз төккен 107 жүк көлігінің жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тазалықты сақтау жұмыстары тұрғын үй секторында да тұрақты бақылауда. Аула аумақтарын талапқа сай күтіп ұстамағаны, оның ішінде көктайғақты уақытылы тазаламағаны үшін 12 МИБ (ПИК) төрағасы мен подъезд жауаптылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Халықпен кері байланысты нығайту мақсатында облыстың барлық қала және ауданында арнайы чаттар іске қосылған. Сонымен қатар тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы да өтініш жолдай алады. Жыл басынан бері осы байланыс арналары арқылы 119 хабарлама келіп түсіп, олардың әрқайсысы бойынша жедел шаралар қабылданды. Полицейлер күшейтілген режимде қызмет атқаруды жалғастыруда. Тек соңғы бір аптаның өзінде абаттандыру саласында 1 123 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, шағын кәсіпкерлік субъектілері тарапынан жасалған 5 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Сондай-ақ азаматтардың 5 өтініші бойынша жедел шаралар қабылданып, қалдықтарды заңсыз төккен 2 жүк автокөлігі ұсталды. Жергілікті рейдтік іс-шаралар барысында Үштөбе, Доскей ауылдық округтері мен Күнгей шағын ауданында 42 құқық бұзушылық анықталды. Қарағанды облысы полиция департаменті өңір тұрғындарын туған өлкесінің тазалығы мен көркеюіне белсенді атсалысуға шақырады. Қоршаған ортаның тазалығы – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылау және құқық бұзушылықтардың жолын кесу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да ведомство басшылығының ерекше бақылауында жалғасады.