БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өңіріміздің ветеринария саласында қол жеткізген жетістіктері тақырыбында брифинг өткізді. 30 жылда еліміз көптеген экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге жетті. Ветеринария саласы да қалыс қалмай, аталмыш салада бірқатар оң өзгерістер орын алды. Осы жөнінде Серік Нұрмағанбетов өз сөзінде баяндап өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz.
БҚО ветеринария басқармасының басшысы 2005 жылдан бастап осы күнге дейінгі атқарылған іс-шаралар мен маңызды мәселелерді қозғап өтті. Мысалы 2005 жылы ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жұмыстары жолға қойылып, 2011 жылы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқоры жасақталып, бірдейлендірілген жануар және оның иесі туралы ақпараттар дерекқорға енгізіле бастаса, 2012 жылы Жануарлардың аса қауіпті, жұқпалы емес және энзоотиялық ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды жүргізу және профилактикалық, диагностикалық іс-шараларды атқару үшін 12 аудандық және Орал қалалық шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар «Ветеринариялық станциялар» құрылды. 2015 жылы Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасы мемлекеттік мекемесі құрылды. 2019 жылы басқарма тапсырысымен облысымыздың «Электрондық эпизоотиялық картасы» жасақталды. Ал 2020 жылы ветеринария саласын жетілдіру мақсатында республикамыздың шекара бекеттерінде ветеринариялық бақылау бекеттері құрылды. Оған қоса, аудандық және қалалық ветеринариялық станциялар аудандық әкімдіктер қарамағынан алынып, облыстық ветеринария басқармасына берілді.
Серік Нұрмағанбетовтың баяндауы бойынша қазіргі таңда облысымызда басқармаға қарасты 13 ветеринариялық станция мен 147 ветеринариялық пункт бар. Оның ішінде 12 аудандық ветеринариялық станцияның өз балансында ғимараттары бар. Ветеринариялық пункттердің 82-сі уақытша әкімшілік ғимаратын жалдауда. Биылғы жылы Ақжайық, Жаңақала және Жәнібек аудандарының 4 (Ақжайық ауданы 1 (Мерген а/о), Жаңақала ауданы 1 (Қызылоба а/о), Жәнібек ауданы 2 (Ақоба а/о, Жақсыбай а/о) ауылдық округтеріне модульді ветеринариялық пункттер сатып алынды. Барша ветеринариялық станциялар мен пункттерде жалпы саны 600-ге жуық ветеринар мамандар қызмет атқарады.
Ветеринария басқармасының басшысы өз сөзінде биылғы жылы ветеринар мамандардың жалақыларын бір жүйеге келтіру мақсатында еңбекақылары қайта қаралып, көпшілік ветеринарлық мамандардың жалақылары 25%-ға артқанын айтып өтті. Оған қоса, ветеринарлардың жұмысқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында, жұмыс барысында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген ветеринариялық мамандарға «БҚО ветеринарларының кәсіподағының» есебінен «Ақжайық» шипажайына жолдамалар беріліп келеді. Күні бүгінге дейін 20 астам ветеринар мамандарға жолдамалар берілді.
Брифинг соңында Серік Нұрмағанбетов соңғы жылдары бруцеллезбен сырқаттанушылықтың жай-күйін талдап өтті. Қазіргі таңда облыста ІҚМ бруцеллезін жұқтыру пайызы 2015 жылмен салыстырғанда 0,5% - ға, ал ұсақ мал бруцеллезімен ауыру 0,3% - ға төмендеді.
Егер 2015 жылы ІҚМ бруцеллезіне 9,7 мың бас ІҚМ оң нәтиже берсе, қазіргі уақытта 7 мыңнан артық емес, ал 2015 жылы ІҚМ бруцеллезіне 6,1 мың бас оң нәтиже берді, қазіргі уақытта 2,0 мыңнан артық емес.
Осы орайда ол өткен жылдармен салыстырғанда бруцеллезбен сырқаттанушылықтың азаюымен қатар жануарлардың аса қауіпті аурулары ошақтарының саны азайғанын және қазіргі уақытта облыста тұрақты эпизоотиялық жағдай қалыптасқанын атап өтті.