Елордалықтар өздерінің үй жануарларына тегін түрде кастрация және зарарсыздандыру жасата алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қалада қаңғыбас иттер пен мысықтардың пайда болуы мен көбеюінің бірнеше себебі бар. Алдымен иелерінің өздері босатып жібереді. Екінші себеп, қала маңындағы елді мекендерден ауып келеді. Сондықтан күн санап далада қалған ит-мысықтардың саны артуда. Осыған байланысты бұл мәселе қалалық әкімдіктің назарында. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес, қаңғыбас ит-мысықтардың санын азайтудың бір тәсілі ол кастрация жасау. Бұл тәсіл елордада соңғы үш жылдан бері тұрақты қолданылып келеді», - деді Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы Ветеринария және өсімдіктерді қорғау бөлімінің бас маманы Әсем Мусина.
Оның айтуынша, 2017 жылы елордада иесіз қалған 4 мың ит пен мысыққа кастрация жасалса, өткен жылы - 500, ал биыл 1800 жануарға аталмыш әдісті қолдану жоспарланған.
«Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап астаналықтардың өз жануарларын тегін кастрациялау және зарарсыздандыру мүмкіндіктері бар. Тағы бір айтып өтетін жайт, біз жүргізген мониторингке сәйкес қала бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтардың базар және сауда үйлерінің маңайын мекендеуі жиі кездеседі. Оған себеп, ол жерлерден тамақ қалдықтырының көптеп шығуы. Дегенмен біздің ветеренар мамандар белгілі бір уақыт сайын аталған мекендерге рейд ке шығады. Егер иесіз қаңғып жүрген ит немесе мысық анықталған жағдайда ол бірден тіркеуге алынады», - деді ол.
Басқарма өкілінің мәліметінше, бүгінде қаладағы қаңғыбас ит пен мысықтардың санына қатысты статистика жоқ. Оған себеп аталған жануарлардың бір ауданнан екінші ауданға көшіп-қонып жүруі.
«Дегенмен, бізде көше жануарларының жасақталған бірыңғай базасы бар. Онда қаңғыбас иттер мен мысықтардың дереккөзі бар және оларға арнайы чип қойылады. Биыл жыл басынан бері 6 мың итке чип қойылды. Сондай-ақ, әрбір жануардың ветеринарлық паспорты бар», - деді ол.
Елордалықтар үй жануарларын ұрықсыздандыру және зарарсыздандыруға қатысты Меңдешев, 51 мекенжайы бойынша немесе 87086852476 ұялы телефоны арқылы толық ақпарат ала алады.
Еске сала кетсек, бұған дейін елордада иесіз қалған иттер мен мысықтардың жәрмеңкесі өткені туралы хабарлаған болатынбыз.
Сурет: inform.kz