Павлодар облысында полицейлер қоршаған ортаны қорғау, тазалық пен қоғамдық тәртіп мәдениетін қалыптастыру бағытында бірқатар профилактикалық іс-шара өткізіп жатыр, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ертіс ауданында полиция қызметкерлері әкімдікпен бірлесіп, "Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында тұрақты рейдтер ұйымдастыруда. Тексеру барысында ауыл тұрғындарының бірі кесілген ағаш бұтақтарын үйінің қоршауы сыртына жинап қойғаны анықталды. Полицейлер бұл әрекетті абаттандыру қағидаларын бұзу ретінде бағалады. Жыл басынан бері көшелер мен аулалардың тазалығына салғырт қарағаны үшін Ертіс ауданының 135 тұрғыны жауапкершілікке тартылған.
Ал Шарбақты ауданында полиция қызметкерлері табиғат қорғау ұйымдарының мамандарымен бірлесіп, жануарлар дүниесін қорғауға және табиғат қорғау заңнамасын бұзудың алдын алуға бағытталған іс-шара өткізді. Оның аясында орман алқабында құстарға арналған ұялар орнатылып, тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар табиғатты қорғау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Тұрғындарға жануарлардың мекендеу орындарын сақтау, оларға қатыгездік көрсетуге жол бермеу және табиғат қорғау заңнамасын сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Полицейлер мұндай шаралар өңір тұрғындарының экологиялық жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ортақ жұмысты күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.