Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Әшімов көшесі аумағын көріктендіру жұмыстарының нәтижесімен танысты. Мұнда техникалық тротуар, қосымша қозғалыс жолағы және жүргінші инфрақұрылымы салынды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ 26 мыңнан астам бұта отырғызылып, гүлзарлар жасақталды. Қала әкімі аудан тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Негізгі тақырыптардың қатарында тұрақты электр және сумен қамту, оқушы орындарының тапшылығы және денсаулық сақтау нысандарына түсетін жоғары жүктеме болды. Инфрақұрылымдық мәселелерді шешу үшін жаңа электр және су желілері, трансформаторлық қосалқы станциялар, су тарту нысандары және басқа да тіршілікті қамтамасыз ету инфрақұрылымы салынуда.
Барлық көтерілген мәселе бойынша түсіндірме беріліп, өтініштер бақылауға алынды. Одан кейін әкім №15 жаңа мектеп-интернаттың құрылысымен танысты. Нысанның құрылысы аяқталу кезеңіне жақындаған. Қазіргі уақытта аумақты көріктендіру және қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Дархан Сатыбалды азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Түскен барлық өтініш пен ұсыныс бақылауға алынды.