Астана маңындағы «Қазанат» атшабарында Мемлекеттік рәміздер күні мен Құрбан айт мерекесіне орай республикалық бәйге жарысы өтті. Айтулы бәйге жарысын тамашалауға 8,5 мыңнан астам көрермен жиналды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілішсі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 50-ге жуық таңдаулы тұлпар мен тәжірибелі шабандоз қатысты. Сәйгүліктер 9 шақырымдық «Құнан» бәйге, 16 шақырымдық «Топ» бәйге және 25 шақырымдық «Аламан» бәйге бойынша бақ сынап, жеңімпаздар анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты ақшалай сыйақылар, екі бірдей «Changan» автокөлігі мен бір бөлмелі пәтер табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бәйге күні атшабарда аншлаг байқалып, трибуналар мен көрермендер алаңы лық толды. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейдегі ат спорты жарыстарына деген халық қызығушылығының жылдан жылға артып келе жатқанын аңғартады.
Ұлттық спортты ұлықтаған ауқымды іс-шара тартысты бәсекемен ғана емес, көрермендерінің көптігімен де ерекшеленді. 8,5 мыңнан астам адамның басын қосқан бәйге ұлттық құндылықтарды насихаттаудың және ат спортына деген халық ықыласын арттырудың маңызды алаңына айналды.