Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық ат спорты түрлерінен облыстық турнир өткізілді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, аудан күніне және ауыл шаруашылығы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шараға қызықтаушылар жан-жақтан жиналды. Аталмыш шараға облысымыздан бөлек өзге облыс спортшылары да қатысып, турнирге ерекше атмосфера сыйлады. Аудан тұрғындары мен қонақтарына жарқын көңіл-күй мен естен кетпес ерекше әсер сыйлаған мерекелік шара 2 күнге созылды. Дүбірлі дода аудандық ипподромда және арнайы жарыс алаңында өткізілді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Облыстық турнирдің ашылу салтанатында екі күн бойы аудан тұрғындары мен қонақтарназарына ұлттық ойындармен қатар, жәрмеңке ұсынылды. Шараның әр күні қонақтар мерекеге ерекше көрік берген киіз үйлерге кіріп арнайы дайындалған ұлттық тағамнан ауыз тиіп, дәм татты. Мерекелік шара әсем әуенмен сүйемелденді. Осы орайда Шыңғырлау ауданының әкімі Әлия Биғазықызы Мұханбетжанова арнайы құттықтау сөз сөйледі.
«Бүгінгі жарыста кәсіби шеберліктеріңіз бен жеңіске деген жігерлеріңізді көрсетіп, жақсы өнер көрсетулеріңізге тілектеспін. Өңір және ел намысын қорғау жолындағы додаларда баршаңызға сәттілік пен шабыт серік болсын, алға қойған биік мақсаттарыңыз орындалып, үлкен жеңістерге жетіңіздер» - деп жүрекжарды лебізін білдірді.
Шараға ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ерболат Байбатыров қатысып, өзара сынға түскен қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар ұлттық спортымыздың дамуына ат салысып жатқан ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, дүбірлі жарыстың ережелеріне тоқталып өтті. Екі күнге созылған дүбірлі доданың алғашқы күні ұлы даланы ат тұяғының дүбіріне бөлеген ұлттық спорт түрлері аударыспақ, көкпар ойындарымен басталды. Ипподром аумағында өткізілген аталмыш облыстық турнирге облысымыздың Ақжайық ауданы, Теректі ауданы, Шыңғырлау ауданы, Орал қаласының шабандоздары қатысып, әдемі ойын өрнегін көрсетті. Шабандоздардың ойынын қыздыру мақсатында салым салған шабандоздарға қаржылай сыйлықтармен қолдау білдірілді. Келесі күні тартысты шара осы аумақта жалғасын тапты. Атап айтар болсақ, көкпар ойындарының финалдық кезеңі, аударыспақ, теңге ілу, бағана басынан сыйлықтарды алу, арқан тартыс, қой көтеру, 24 шақырымдық аламан бәйге, 15 шақырымдық топ бәйге сынды жарыстар өткізілді. Тартысты ойын нәтижесі бойынша қатысушылар орындарды өзара бөлісті. Ақтөбе қаласынан келген шабандоздар ат жарыста үздік атанып, І және ІІ орынды қанжылағады.