Алматыда зейнет жасындағы тұрғындар «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында» 71 түрлі қызметті тегін пайдалана алады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бағдарлама аясында сауықтыру, білім беру, психологиялық қолдау көрсету, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және әлеуметтік белсенділікті арттыру бағыттары қамтылған. Орталықтарда емдік дене шынықтыру, йога, тыныс алу жаттығулары және скандинавиялық серуен бойынша сабақтар өткізіледі. Сонымен бірге, келушілер компьютерлік сауаттылықты меңгеріп, смартфонды тиімді қолдану дағдысын игере алады, сондай-ақ шет тілдерін үйренуге мүмкіндік бар. Бұған қоса, қатысушылар «Күміс университеттер» бағдарламасына қатыса алады.
Орталықтарда жадты дамытуға бағытталған тренингтер, түрлі шығармашылық үйірмелер, экскурсиялар мен мәдени іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Аталған қызметтердің барлығы Алматының зейнет жасындағы тұрғындары үшін қолжетімді әрі тегін.